ҚАЛАЛЫҚ ӘКІМДІКТЕ АШЫҚ ЕСІК КҮНІ ӨТТІ
Бүгінде билік пен бұқара арасындағы байланысты нығайту мақсатында қыруар іс атқарылып келеді. Демократиялық қоғамның басты белгісі – ашықтық. Яғни билік әлеуметке атқарылып жатқан жұмыстардың жайын, қолға алынар бастаманың бағытын түсіндіріп, сауалдарына жауап беруі тиіс. Ал бұл үшін мемлекеттік қызметшілердің білімі мен біліктілігі жоғары болуы шарт. Сәйкесінше, биыл бітіріп жатқан мыңдаған түлек бұл қызметтің мәнін ұғып, мағынасын түсінулері керек.
Осы орайда, өткен аптада Шымкент қаласы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған ашық есік күні өтті. Жастар – еліміздің басты стратегиялық ресурсы. Қазіргідей цифрлық дәуірде интеллектуалдық және шығармашылық әлеуеті жоғары, эрудициясы терең, креативті идеяларға ие жас буынның мемлекеттік қызметте білікті маман болып қалыптасуына үлкен мән беріліп отыр. Болашақ мамандардың мемлекеттік қызметке қызығушылығын арттыру, әкімдіктің жұмысымен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған іс шараға келген студенттерді қала әкімі аппараты басшысының орынбасары Бағлан Асанбаев қарсы алды. Олар «Ashyq akimdik» форматында іске қосылған фронт-офиспен және қала әкімі аппаратындағы бірнеше бөлімнің жұмыс барысымен танысты. Сонымен қатар аппарат қызметшілері мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылған еркін форматтағы дөңгелек үстелде мемлекеттік орган жүйесінің құрылымы мен мемлекеттік қызметке орналасу қағидалары түсіндірілді.
Ашық есік күнінде жастар көптеген тың ақпараттарға қанық болды. Әкімдік жұмысымен жақыннан танысып, көкейдегі сауалдарына жауап алды. Жалпы мұндай бастамалардың маңызы айрықша. Әсіресе, болашақта мемлекеттің қызметтің етегінен ұстайтын бүгінгі студенттер үшін тың бастама болып отыр.