ТҮРКІСТАН ТӨРІНДЕ ТАНЫМДЫҚ КЕШ ӨТТІ

Түркістан бүгінде туристік қана емес мәдени қалаға да айналып келе жатыр. Бүгінде шаһар аумағында түрлі мәдени шаралар өтіп, қала тұрғындарымен қатар, келген қонақтардың да көңілінен шығуда. Жуырда осындай ауқымда да салтанатты шараның бірі өтті. Тарқатар болсақ, биыл қазақ әдебиетінде жасындай жарқылдап, қалың көпшіліктің жадында қалған жас талант Саттар Ерубаевтың туғанына 110 жыл толып отыр. Қазақтың бағына біткен талантты тұлға небәрі 23 жыл ғана ғұмыр кешті.

Десе де осыншама аз уақыттың ішінде талантын талай адам мойындады. Осы орайда, Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің Саттар Ерубаев музей-филиалы және Түркістан қалалық Мәдениет үйі мен мәдениет үйіне қарасты «Бірлік» клубының бірлескен шарасы өтті. «Ұлы даланың жас Алашы» атты ұлттық-танымдық кешке зиялы қауым өкілдері мен мұражай қызметкерлері қатысты. Шара аясында әдеби ортаға тұлпар шабыспен екпіндей келіп, ғұмырының соңына өшпес мұра қалдырған талант туралы кеңінен сөз болды. Жиын арысында жергілікті ақын Айгерім Жұмабай Саттар Ерубаев жайында ой қозғады. Сонымен қатар Саттар Ерубаев музейінің меңгерушісі Айгүл Исабекова арда азаматтың ғұмырын ғасырдың өшпес мұрасына теңеп, Ерубаев шығармашылығын құрметтеп өскен ұрпақтың қатары артса деген ниетін білдірді.
Игілігі мен өнегесі мол шара барысында Түркістандағы Саттар Ерубаев атындағы №7 мектеп-интернатының оқушылары Саттар шығармаларынан үзінді оқыды. Ал мәдениет үйінің «Шұғыла» халықтық мәдени-үгіт бригадасы көрерменге «Шындық пен шығарма» танымдық қойылымын ұсынды. Яссы халықтық этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі Ерлан Жақыпбеков пен күйші Нұрзаман Мұсаханұлы көңіл тебірентер күйлерді асқан шеберлікпен орындады. Мәдениет үйінің әншілері «Аға» әнін орындап, айшықты шараны қорытындылады. Мұндай тағылым мен тәрбиеге толы шаралар тарихи қалада жиі ұйымдастырылады. Себебі оның жастарға берері мол.