ТҮРКІСТАНДЫҚ ӨРЕНДЕР ОЛЖАМЕН ОРАЛДЫ
Спорт — елдің атын әлемдік деңгейде шығаратын саланың бірі. Сондықтан да бұл саланың әлеуетін арттыруға айрықша басымдық беріліп келе жатыр. Бұл тұрғыдан келгенде, облыс орталығы ретінде танылып келе жатқан Түркістанда атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Күні бүгінге дейін тарихи шаһарда көптеген спорт нысандары пайдалануға берілді. Үздік те кәсіби бапкерлердің қатары артты. Нәтижесінде облыс орталығының спортшылары өздерінің бәсекеге қабілетті екенін аңғартып келе жатыр.
Мәселен, жуырда ғана Түркістан қалалық «Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының» футбол командасы елішілік бәйгеден жетістікпен оралды. Ұлы Жеңіс күніне орай ұйымдастырылған жасөспірімдер арасындағы шағын футболдан өткен ҚР чемпионатында клубтың футбол командасы 3-орынды иеленді. Орал қаласында өткен жарыста Қазақстанның 13 облысы, 6 ауданынан жиналған спортшылар бақ сынасты. Осылайша тартысты өткен бәсекеде түркістандық тарландардың қанжығасы майланып, үздік үштіктің қатарынан көрінді. Қанжығасы майланып қайтқан спортшыларды күтіп алу шарасына қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Динара Жіпсібаева, қалалық Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының директоры Нұрланәлі Сыздықов қатысты. Жеңіспен оралған өрендерге Динара Жіпсібаева жылы лебізін арнап, Нұрланәлі Сыздықов арнайы құттықтауын жеткізді.
Айта кетейік, бұл түркістандық өрендер бағындырған бірінші биіктік емес. Қаладағы жас спортшылар түрлі халықаралық деңгейде өткен спорт сайыстарында да бақ сынап, жеңіс тұғырынан көрініп келе жатыр. Әрине, мұндай жетістіктің артында жемісті жұмыстың тұрғаны анық. Спортшылар бәсі биік бәсекеде өздерін дәлелдеп жатса, саланың болашағы зор деп айтуға негіз бар. Қош делік, туризмімен танылған шаһардың енді спортшыларымен аты шығып келеді. Бұл – қуанарлық жайт.