«КҮЛТӨБЕ» ҚАЛАШЫҒЫ ТУРИСТЕРГЕ ТАРИХТЫ ТЕРЕҢІРЕК ТАНУҒА КӨМЕКТЕСЕДІ

Түркістан қаласына туристерді тарту бағытында қыруар іс атқарылып жатыр. Күні бүгінде шаһар аумағында салынған туристік кешендерге келушілердің қатары қалың. Бұл бағыттағы жұмыстар тоқтап қалмақ емес. Қаланың тарихын айшықтап көрсететін айрықша нысандар салу ісі жалғасын табуда. Соның бір жарқын мысалы ретінде Күлтөбе қалашығын айтуға болады. Бұл жер – Түркістанның бастауы.

Қазіргі таңда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи — мәдени қорық-мұражайының маңызды объектісі — «Күлтөбе қалашығы» ашық аспан астындағы заманауи археологиялық паркін құрудың алғашқы кезеңі аяқталды. Жобаның жалғасы ретінде келушілерге заманауи сандық технологиялар арқылы ежелгі заманға саяхат жасауға мүмкіндік беретін нысан салынады. Осылайша болашақта археологиялық парктің қонақтары үшін сандық технологиялар арқылы ежелгі заманға саяхат жасау мүмкіндігі туады. Нысан сан ғасырлық тарихы бар ежелгі Яссы қаласының бір бөлігі болғандықтан, жоба ЮНЕСКО қадалағауымен жүзеге асып жатыр.
«Күлтөбе қалашығы» ашық аспан астындағы археологиялық парктің құрылысы биыл аяқталады деп жоспарланған. Жалпы аумағы 30 гектарға жуық болса, көгалдандыру аумағы 20 гектардан асады. Жоба бойынша 4 шатырлы күмбез, 27 тірек, 1 дана КТП, кәріз сорғы станциясы, дренажды жүйе салу жоспарланған. Қалашықтың барлық жағынан Ясауи кесенесі көрінеді. Қазір мұнда биіктігі 17 метр болатын шаңырақ іспеттес қондырғыларды орнату жұмыстары жүріп жатыр. Қондырғылар жергілікті климатқа төзімді. Қазір жобада қаралған жұмыстар, яғни күмбездің металл конструкциялары, күмбез жабындары орнатылған. Трансформаторды монтаждау жұмыстары толық аяқталып, іске қосуға дайын. Сондай-ақ ағын суларға арналған дренаж жүйесі аяқталған.