ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ САУРАН АУДАНЫНДА ЖАЛҒАСТЫ

Бүгінгі өскелең ұрпақ – ертеңгі елдің тізгінұстары. Сондықтан жастар мен жасөспірімдердің жан-жақты дамуына барлық жағдайлар жасалып келеді. Дегенмен жағдай жасау арқылы бәсекеге қабілетті, жан-жақты, білімді, талантты тұлғаларды қалыптастыру мүмкін емес. Әуелі өскелең ұрпақ арасындағы өзекті мәселелер шешімін табуы тиіс. Ола қатарда түрлі қылмыстарға бастайтын, өзіне еліктіріп, елден бөлектейтін құмар ойындары сынды түйткілдер бар. Сондықтан да елімізде аталған бағытта ауқымды бастамалар көтеріліп, жүзеге асырылып келеді. Тарқатайық…

«Жастар мен жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу және буллинг» тақырыбындағы кезекті кездесу Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан ауылдық округіндегі Әл-Фараби атындағы жалпы орта мектебінде жалғасты. Жиынға Түркістан облысы полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкері, Полиция подполковнигі Жандос Қанапов пен Сауран ауданы әкімдігі Ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғазы Тәжібеков, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Айгерім Ералықызы қатысып, 9-11 сынып оқушыларына жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен әлімжеттік, зорлық-зомбылық және ертежүктіліктің алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Жасөспірімдердің тәртібі мен тәрбиесі басты назарға қойылған кездесу мақсаты — жастар арасында келеңсіз жағдайлардың алдын алу және одан шығу жолдарымен таныстыру, отбасы құндылықтарын насихаттау, жанұядағы ата-ана мен бала арасындағы қалыпты қарым-қатынасты нығайту. Онымен қоса, жиын барысында жастарға оқу жылы соңында жазғы демалысты тиімді өткізуді және суға шомылу маусымында қауіпсіздік ережелерін ұстану маңызды екені айтылды.
Келелі кездесуде қаузалған тағы бір тақырып – лудомания. Бүгінде бұл қазақ қоғамына ауқымды зардаптарын тигізіп отырған мәселе десек, артық айтпаған болар едік. Мұндай теріс әрекеттердің құрығына жастар білместіктен түсіп жатады. Уақыт өте келе қалай тәуелді болғанын да аңғармайды. Сондықтан мұндай түсіндірме жұмыстарының маңызы айрықша.