ТӘРТІП САҚШЫСЫ ЖАСТАРҒА ҚҰНДЫ КЕҢЕСТЕР БЕРІП КЕЛЕДІ

Қазіргі уақытта орын алатын түрлі келеңсіздіктер және қылмыстармен күресуде құқық қорғау органдарына артылар жүк ауыр. Дегенмен істің үдесінен шығып жатқандардың барын жоққа шығара алмасымыз анық. Бүгінгідей қым-қуыт заманда қылмыстан бұрын қылмысқа бастайтын әрекеттерге айрықша назар аудару қажет. Әйтпегенде мәселенің себебін салмақтамай, салдарымен күресуден келер нәтиже жемісті болмайды. Сондықтан бұл бағытта Түркістан облысында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың десек, артық айтқанымыз емес. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндауды жөн санап отырмыз…

Түркістан облысында кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы Мұрат Камалов қызмет етеді. Ол өзінің жұмыс күнінде үнемі оқушылар қауіпсіздігіне баса көңіл бөледі. Полиция қызметкері еңбек ететін Төлеби ауданында жалпы 68 мектеп бар. Онда 30 мыңға жуық оқушы білім алады. Бүгінгі таңда Төлеби аудандық білім бөлімі мен аудандық полиция бөлімі бірлесе отырып түрлі профилактикалық шараларды жүзеге асыруда. Осы істің басы-қасында жүрген полиция майоры Мұрат Асанұлы жасөспірімдер арасында және оларға қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алу бойынша оқушыларға ақпарат беріп, «Жол жүру ережелері» тақырыптарында жүйелі түрде сабақтар ұйымдастырады.Тәртіп сақшысы әр дәрісінде оқушыларға лудомания, кибербуллинг, нашақорлық, жол қозғалысы ережелері, әлімжеттік тақырыптарында ашық әңгіме өрбітеді. Бастауыш сынып оқушыларын жол бойында тікелей қауіпсіздікпен таныстырып, тәрбие сағаттарын өткізеді. Бұл маманның бір жақсы қыры, әр оқушының тілін тауып, қажет ақпаратты саналарында мықтап сақтайтындай етіп жеткізеді. Әр тақырыпты терең зерттейді. Соның арқасында берген ақпараттарының құны жоғары десек, артық айтқанымыз емес.
Жасыратыны жоқ, бүгінде қоғам үшін өзекті тақырыптардың бірі – лудомания. Бұл тақырып та тәртіп сақшысы үшін тосын я тың тақырып емес. Жіті зерттеп, оқушыларға кеңес беріп келе жатқанына біраз болды. Әр сөзі дәлел мен дәйекке негізделген құқық қорғау органының қызметкері теріс әрекеттермен күресте балаларға жүйелі ақпарат берудің маңызы зор деп есептейді.