ҚАЗЫҒҰРТТА СПОРТТЫҚ САЙЫС ӨТТІ

Жуырда еліміздегі барлық мектептерде соңғы қоңырау салтанатты іс-шарасы өтті. Осылайша, мыңдаған түлек білім ордаларынан түлеп ұшты. Ал қалғаны жазғы демалысқа шықты. Осындайда балалардың бос уақытын тиімді ұйысдастырудың маңызы айрықша. Өйткені жазғы демалыста балалар айналысатын пайдалы іс таппаса, түрлі жат қылық пен теріс әрекеттерге үйір болуы мүмкін. Сондықтан салауатты өмір салтын насихаттау мен бос уақытты тиімді өткізу тетіктерін қарастырудың маңызы айрықша. Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде бірқатар ауқымды бастамалардың көтеріліп келе жатқаны белгілі. Мәселен, жақын арада жазғы лагерьлер жұмысы басталады. Онда балалар түрлі қызықты шаралармен бос уақытын тиімді өткізе алады. Ал оған бармайтын балалар не істемек?

Жастар орталықтары осы сауалға жауап іздеп, бірқатар тың бастамаларды қолға алып отыр. Мәселен, Қазығұрт ауданы әкімдігінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Тұрбат ауылы округіне қарасты №1 Тұрбат атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде ойынқұмарлық алдын алу, бос уақытты тиімді пайдалану мақсатында «Лудомания-қоғам дерті» атты тақырыпта аудандық эстафеталық ойындар өтті. Шараның негізгі мақсаты — жастарға қолдау көрсету, спорттық ойындарға бейімдеу, жастардың қоғамдағы рөлі, әлеуметтік және тұлғалық даму барысы тақырыптарын талқылау және қоғам дертіне айналған ойынқұмарлықтың алдын алу, жастар арасында өршіп тұрған мәселені шешу. Қарап отырсақ, тақырыптың өзі дұрыс таңдалған. Бүгінде лудомания мәселесі елімізде өршіп тұр. Бұл тұрғыдан келгенде, жастарға ақпарат беріп, жөн сілтейтін мамандардың маңызы айрықша. Көптің жадында болса, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақында өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында халық арасындағы құмар ойынға тәуелділік мәселелерін қарастырды. «Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды» деді президент өз сөзінде. Ол осы жаман әдетке, әсіресе, жастар әуес екеніне назар аударып, мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырды. Осыған байланысты мемлекет басшысы салалық министрліктерге нақты міндеттер жүктеді. Бұдан біршама уақыт өткеннен кейін Ақорда хабарламасында «Президент құмар ойынға тәуелді азаматтардың қатысы бар қылмыстар көбейгеніне құқық қорғау органдарының назарын аударып, алдын алу жұмыстарын жүргізіп, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдау жөнінде тапсырма берді. Президент елімізде лудоманияның белең алуына қарсы бағытталған әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруда қоғамның, дін қызметкерлерінің және бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі ерекше екенін атап өтті» делінді.
Сәйкесінше, бұл бағытта ауқымды бастамалар көтеріліп, жүзеге асып келе жатыр. Қазіргі уақытта Түркістан облысына қарасты аудандар мен қалаларда ақпараттық-насихаттық топтар құрылып, түсіндірме жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келе жатыр. Жалпы құмар ойындардан келетін қауіп үлкен екені талай айтылып жүр. Мұндай ойын түрі заман құбылған сайын түрленіп, зияны да ұлғайып барады. Оған құныққан адам қоғамнан біртіндеп ажырап, өзгелермен байланыс орнату, тілдесу, тұлға ретінде даму секілді адами қасиеттерін жоя бастайды. Лудомания, яғни ойынға тәуелділіктің дүниежүзінде ауру ретінде қарастырылып, осыған байланысты арнайы медициналық терминнің енгізілуі де тегіннен тегін емес. Қазір Қазақстанда орта есеппен 350 мың адам құмар ойынның құрбанына айналса, олардың орташа қарызы 10 млн теңгеден асады. Ал елімізде 10 жұптың 7-еуі құмар ойынның кесірінен ажырасады екен. Сондықтан жастарға бұл кеселді әрекет турасында кеңінен ақпарат беріп, қажет шараларды дер кезінде көрудің маңызы айрықша. Қазығұрт ауданында өткен ауқымды шара осы мәселемен күреске бағытталған десек, артық айтқанымыз емес. Шара салауатты өмір салтын насихаттауды көздейді. Жалауы желбіреген жарысқа ауданның ауыл округтерінен 6 команда қатысып, спорттың қол күрес, жүгіру, белтемірге (турникке) тартылу, арқан тартыс, гір тасын көрету бойынша сынға түсті. Сайыстар жоғары бәсекемен өтті. Нәтижесінде «Қызылқия» жастары командасы топ жарып, жарыс жеңімпазы атанды. «Жаңабазар» жастары командасы екінші орынды иеленсе, үздік үштікті «Қарабау» жастары командасы түйіндеді.
Айта кетейік, елімізде құмар ойындармен күрес бағытында арнайы заң жобасы қаралып жатыр. Заңда шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімін жүргізу, банктер мен төлем жүйелеріне олардың пайдасына қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салу көзделеді. Сондай-ақ букмекерлік кеңсенің немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылардың өз аппараттық-бағдарламалық кешендерінің Мемлекеттік кірістер органының ақпараттық жүйелерімен интеграциялануын қамтамасыз ету міндеті бекітіледі. Сонымен бірге заң жобасына сәйкес, құмар ойнайтындар қатысушылардың бейне-биометрикалық идентификациядан өтуі міндеттеледі. Ал мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау және әскери қызметкерлердің құмар ойындарына қатысып, бәс тігуіне мүлде тыйым салу көзделіп отыр. Бұл норма күшіне енсе, 220 мыңға жуық мемлекеттік қызметкердің құмар ойын ойнауына шектеу қойылмақ. Бұл ғана емес, заң жобасында құмар ойындарда бәс тігу жасы ұлғайтылады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес 21 жастан асқан азаматтарға құмар ойындарына бәс тігуге рұқсат етілген. Жаңа заң жобасында бұл шектеу кеңейтілген, енді 25 жасқа толмаған адамға бәс тігуге тыйым салынбақ. Ал ойнау жасына келмеген азаматтарға заңсыз ойын ойнауға мүмкіндік берген заңды тұлғаларға қомақты көлемде айыппұл салынып, қайталанатын жағдайда лицензиялары тоқтатылады.