ЖАҢА КЕЛІСІМНІҢ АРҚАСЫНДА ҚАЛАҒА ҚЫРУАР ҚАРЖЫ ТАРТЫЛАДЫ

Шымкент – батыс пен шығыстың, оңтүстік пен солтүстіктің түйіскен тұсында орналасқан қала. Сондықтан да шаһардың шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудағы потенциалы жоғары. Сәйкесінше, қазірдің өзінде үшінші мегаполис еліміздегі жеңіл өнеркәсіп жедел дамып келе жатқан қалалардың көшін бастайды десек, артық айтқанымыз емес. Бүгінде қалаға қаржы құюды мақсат еткен инвесторлар да көбейіп келеді. Әсіресе, қалалық әкімдік тарапынан шетелден қаржы тарту бастамалары сәтті жүзеге асып келе жатыр.

Мәселен, жуырда ғана Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Fujian Hengwang Investment Co., Ltd» компаниясының басқарма төрағасы Лю Юнмин қалада металлургиялық зауыт салу туралы меморандумға қол қойды. Меморандум алдыңғы кездесудің қорытындысы бойынша қол жеткізілген келісімдер аясында жасалып отыр. Мегаполис басшысы инвесторларды аумағында зауыт салу жоспарланып отырған «Темір» индустриялық аймағымен де таныстырды. Біз сөз етіп отырған бастама қала экономикасына 1 миллиард 750 миллион АҚШ долларын тартуға себеп болады. Осының арқасында жаңадан мыңға жуық жұмыс орны құрылады. Үш кезеңдік металлургиялық зауыт бес жыл ішінде салынбақ. Жылдық өндірістік қуаты бес миллион тоннаны құрайды. Бұл ғана емес, кәсіпорын экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әлемдегі ең озық технологияларды пайдаланады.
Шаһар басшысы компания басшылығына мегаполиске қызығушылық танытып, өнеркәсіп саласын дамытуға тікелей инвестиция салғаны үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ ол жобаны жүзеге асыруда, оның ішінде қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуде жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті. Өз кезегінде, шетелдік инвесторлар бүгінде Шымкентте инвестиция тартуға барлық жағдай жасалғанына тоқталды. Зауыт іске қосылса, басқа да бірқатар жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Осы тұста айта кетейік, «Fujian Hengwang Investment Co., Ltd» компаниясы — болат өндірісі мен халықаралық саудада үлкен тәжірибесі бар «Jiangsu Coastal Steel Group Co., Ltd» ірі корпорациясының бөлігі.
Бүгінде қала аумағында салынатын ірі жобалардың қатары мұнымен тоқтап қалмайды. Үшінші мегаполисте қуаттылығы 500 МВт-қа дейін жететін комбинирленген циклді станса салу жобасы да жүзеге асырылып жатыр. Құны шамамен 700 миллион АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жоба тұрғындарды сапалы электр және жылу энергиясымен, сондай-ақ ыстық сумен қамтамасыз етуге бағытталған. Ал түріктің «Alarko Holding» компаниясы жаңа форматтағы ірі жылыжай кешенін салуда. Жобалық құны 650 миллион АҚШ долларын құрайтын кешеннің аумағы – 500 гектар. Жоба жүзеге асса, екі мың жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар өңірдегі жылыжай бизнесінің қарқынды дамуына септеседі.

Ж.БАЛАУСА.