ТЫҢ ТУЫНДЫ КӨРЕРМЕННІҢ ЫСТЫҚ ЫҚЫЛАСЫНА БӨЛЕНДІ

Бүгінде Түркістан туризмі арқылы елге, қала берді алыс-жақын шетелге таныла түсуде. Бұл ғана емес, енді шаһарға театрсүйер қауым қызығушылық таныта бастауы мүмкін. Өйткені жергілікті өнер ұжымдары тың тақырыпта туындылар ұсынуды жиілеткен. Мәселен, Түркістан музыкалық драма театрында ақын-драматург Оңайгүл Тұржанның «Қаламқас» пьесасы сахналанды. Премьераны тамашалауға автордан бөлек, батыс өңірінен арнайы делегация келіп, бағасын берді. Сонымен қатар жергілікті зиялы қауым өкілдері де қатысты.

Пьесаның бас кейіпкері – 18-ші ғасырда өмір сүрген қазақтың батыр қызы Қаламқас Еселбайқызы. Премьера соңында театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімхан Мырзахан қойылым туралы кеңінен баяндап, келген көрерменге алғысын білдірді. Сондай-ақ қазіргі таңда қызу талқыға түскен киік аулау мәселесі де туындыда қамтылғанын атап өтті. Спектакльдің қоюшы-режиссері, белгілі хореограф, өнертанушы Константин Семеновтың бұл – Түркістандағы екінші қойылымы. Бұған дейін ол сахналаған Ермек Аманшаевтың «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық қойылымы елімізде ғана емес, шетелдерге танылып үлгерді. Режиссердің айтуынша, жас театр ұжымымен жұмыс істеу мол тәжірибе сыйлайды. Бұл жолы драма, поэтика, музыка, анимация, пластика бір-бірімен үйлесім тауып, заманауи техниканың барлық мүмкіндігі пайдаланылды дейді. Бұл – «Қаламқас» спектакліндегі ең басты ерекшелік.
Спектакль кейіпкерлерін толығымен Түркістан музыкалық драма театрының актерлері мен балет әртістері ойнады. Олардың қатарында Аида Серікова мен Айя Дәрібаева, Шерхан Саматұлы, Сакаи Мао, Мерей Құдайберген, Аида Жақсылықова, Гүлжанат Қаламғазина, Рүстем Шайхов, Асхат Тарих, Бекарыс Қарағұлов, Атабек Садырқұлов, Аслан Алиев бар. Сонымен қатар қойылымда балет труппасының үлесі зор. Спектакльдегі Қаламқас жаугершілік жылдары ер азаматтардың орнын жоқтатпай, жұртына жау тигенде ауылдағы қыздарды өзі бастап, шайқасып, батырлығымен көзге түседі. Аштықта ауыл-аймақты киік аулап асырап аман алып қалады. Кезекті бір киік қуған аласапыран кезде қапыда Қаламқастың өзі де құздан ұшып мерт болады.
Батыр қыз ғұмыр кешкен сол далада қызыл көйлекті қыз елесі аңшылардың алдын кес-кестеп, киіктерді қорғаштап жүреді деген аңыз бар. Бәлкім, бұл Қаламқастың рухы шығар?! Қойылым осы оқиғаға негізделген. Қазақ секілді сайын даланы еркін мекендеп, судың тұнығын ішіп, көшіп-қонып жүретін киіктерге садақ кезену Қаламқасқа оңай тимейді. «Қаламқас» пластикалық драмалық спектаклін қоюға көптеген тәжірибелі мамандар атсалысты. Идея авторы – Түркістан музыкалық драма театрының негізін қалаушы Айнұр Көпбасарова. Көркемдік жетекші – Шынар Омарова. Композиторы – жас композитор Хамит Шанғалиев.