ТҮРКІСТАН ЖАҢА ТУРИСТІК НЫСАНДАРМЕН ТОЛЫҒАДЫ

Түркістан қаласында облыс орталығы болғалы көптеген тың өзгерістер болды. Бірнеше жыл бұрынғы шаһар мен қазіргі қаланы салыстыруға тіпті келмейді. Өйткені тарихи қаланың тыныс-тіршілігі де, сыртқы келбеті де адам танымастай өзгерді. Қазіргі таңда бұл қалаға еліміздің түкпір-түкпірінен, қала берді, алыс-жақын шетелдерден келетін саяхатшылар көп. Сәйкесінше, туристерді тарту мақсатында тың бастамалар көтеріліп жатыр. Мәселен, алдағы бірнеше жылда қалада бірқатар жаңа нысандар пайдалануға беріледі. Тарқатайық…

Қазірде Түркістанда туристерге қосымша өнімдерді ұсыну мақсатында ірі жобалар қолға алынған. Ашып айтсақ, Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында жеке инвестиция есебінен «Қолөнер орталығы» жобасы іске асырылуда. Жоба құны — 5,5 млрд теңге. Ал аумағы — 2,5 гектар. 25 архитектуралық нысаннан тұратын кешенде қонақүйлер, сауда нүктелері, қолөнер шеберханалары мен дүкендері қамтылған. Ірі жобалар қатарындағы Қ.А.Ясауи кесенесі маңындағы «Күлтөбе» ескі қалашығын да бюджет есебінен абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін аяқтау жоспары тұр. Сонымен қатар Түркістан қаласында аумағы 11,8 гектар жерге аквапарк, вилла аймақтары қамтылған бес жұлдызды қонақүй салу жоспарлануда. Жоба құны – 190 млн АҚШ доллары. Бұл бағытта инвесторлармен келіссөздер жалғасады. Ұлттық спорт түрлеріне шетелдік туристердің қызығушылығының артып келе жатқаны белгілі. Сондықтан Түркістанда ұлттық ойындарды және туризмді дамыту мақсатында 99,3 гектар аумаққа «Ипподром» нысаны салынады деп жоспарланып отыр.
Жалпы Түркістан облысында өңірдің туристерге қолжетімділігін және жайлылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Былтыр туристік жолдарды жақсарту үшін 10,6 млрд теңгеге 7 жоба жүзеге асырылды. Ал биыл туристік жолдар бойынша 17,6 млрд теңгеге 19 жобаның іске қосылуы күтілуде. Өткен жылы облыстың туризм саласына 53,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Нәтижесінде 25 нысан қолданысқа беріліп, 366 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде тұрақты – 167, уақытша – 199. Биыл 20 млрд теңгеден асатын 25 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Осы арқылы 473 жаңа жұмыс орны ашылады.