МЕМЛЕКЕТТІК БІЛІМ ГРАНТЫ: ҚАЙ САЛАЛАРҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛІП ОТЫР?

Оқу жылы аяқталып келеді. Мыңдаған мектеп түлегі бірнеше айдан кейін жоғары оқу орындарына түсіп, мамандық меңгере бастайды. Сондықтан да ата-аналар мен жас түлектер алдында мамандық таңдау сынды маңызды міндет тұр. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта еңбек нарығын ескермей, белгілі бір мамандыққа түсетін жастар жоқ емес. Сондықтан бүгінгі материалымызда мемлекеттік гранттар турасында тарқата баяндауды жөн санап отырмыз.

Биыл бакалавриат деңгейіне 78 мыңнан аса білім гранты бөлінеді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есинбаева мәлімдеді. Оның айтуынша, 2024-2025 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы бекітілді. Түлектер енді білім беру бағдарламаларының қандай топтары бойынша қанша грант бөлінгенін көре алады. Биыл Ғылым және жоғары білім министрлігінің желісі бойынша бакалавриат деңгейіне 78 219 грант, магистратура деңгейіне – 13 119 және докторантура деңгейіне – 1 919 грант бөлінген.
Бір ерекшелігі, ағымдағы жылы гранттардың ең көп саны инженерлік-техникалық бағыттарға беріледі. Бұл Мемлекет басшысының мемлекеттік тапсырыстың 60 пайыздан астамын техникалық бағыттар бойынша мамандар даярлауға беру тапсырмасына сәйкес жасалған. Осының негізінде инженерлік ғылымдар, құрылыс ғылымдары, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, ақпараттық қауіпсіздік, жаратылыстану ғылымдары, математика, статистика сынды салаларға қажет мамандарды даярлауға басымдық беріліп отыр.

Ж.БАЛАУСА.