ТҮРКІСТАНДЫҚ ШАХМАТШЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САЙЫСТА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ
Түркістан қаласында спорт саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп келе жатқаны белгілі. Бүгінде шаһар аумағында бірқатар спорт нысандары пайдалануға берілген. Мықты бапкерлік құрам да жасақталған. Жасөспірімдер арасында спортты насихаттау ісі қарқын алып келеді. Осының арқасында түркістандық өрендер түрлі республикалық, халықаралық спорт додаларында оза шауып, жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Бүгінгі материалымызда сондай талапты да талантты жастардың бірі турасында тарқата баяндамақпыз…
Бұдан біршама уақыт бұрын Албанияда шахматтан әлем чемпионаты өткен болатын. Міне, осы додада түркістандық Нұрислам Сұлтанхан үшінші орынды иеленді. Бес жасынан шахматқа бейім болған жас талант – екі жылдан бері Түркістан қалалық «Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының» спортшысы. Бұл – бірінші жеткен жетістігі емес. Бұған дейін де Азия чемпионатында, елішілік біріншіліктерде үздік атанып, жеңіс тұғырынан көрінген. Жуырда өткен халықаралық чемпионатта жеті жастағы жас шахматшы 11 тур бойы үздік ойын көрсетіп, 8 ұпай еншілеген. Осының арқасында жарыс кестесінде үздік үштікке еніп отыр.
Жас спортшының бапкері – ардагер шахматшы, математика ғылымдарының кандидаты Қуанышбек Джумадуллаев болса, спорт нұсқаушысы – Алима Пашанова. Еске сала кетейік, Албанияда өткен чемпионатқа әлемнің 43 мемлекетінен 370-тен астам шахматшы қатысты. Ал еліміздің намысын 22 спортшы қорғаған. Олар 25-28 сәуір аралығында шахматтың рапид және блиц түрінен кім мықтыны анықтады. Сайыстың ашылуына ел президенті Байрам Бегай қатысып, сөз сөйлесе, ФИДЕ президенті Александр Дворкович алғашқы жүрісті жасап берген.