«ҚҰМАР ОЙЫН — ҚОҒАМ ДЕРТІ» ТАҚЫРЫБЫНДА ПІКІРСАЙЫС ТУРНИРІ ӨТТІ
Пікірсайыс – сөздің емес ойдың таласы. Мұнда әрбір спикер дәлелді дәйек, нақты дерек келтіре отырып, өз ойын дәлелдейді. Тың ұсыныстар мен тамаша идеялардың алаңына айналған пікірсайыс қозғалысы елімізде қарқынды дамып келе жатыр. Бұдан біршама уақыт бұрын тек жоғары оқу орындарының студенттері ғана аталған қозғалыстың негізгі қатысушылары болса, қазірде қатары кеңейіп оқушылар да қосылған. Соңғы уақытта бұл алаңда түрлі өзекті де өткір мәселелер қозғалып жатыр. Тарқатайық…
Жуырда Бәйдібек аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ның ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында «Құмар ойын-қоғам дерті» тақырыбында пікірсайыс турнирі өтті. Жасөспірімдер арасындағы келеңсіз жағдайлар мен жат қылықтардың және өзекті мәселелердің алдын алу, мектеп құндылықтарын оқушылар арасында насихаттау, Отансүйгіш, ұлтжанды, патриот оқушылар ортасын қалыптастыру, ораторлық, ұйымдастырушылық және критикалық ойлауды дамыта отырып, болашақ лидерлерді дайындау, жалпы білім беретін мекемелер мен мектептер арасында байланыс орнату, ақпарат алмасу мақсатында ұйымдастырылған турнирге 11 ауыл округ бойынша 14 команда қатысты. Турнирде оқушылар құмар ойындарының қаупі, келер зияны мен салдары турасындағы өз ойларын ортаға салды. Бұл тақырып турасында тың мәліметтерге қанық болған оқушылар лудоманиямен күрес турасындағы ұсыныстарын да жеткізді.
Қызу өткен турнир нәтижесінде Боралдай ауылдық округіндегі Сарыбұлақ жалпы білім беретін мектебінің оқушылары топ жарып, І орынды иеленді. ІІ орын Боралдай ауылдық округіндегі С.Ерубаев атындағы жалпы білім беретін мектебінің шәкірттеріне бұйырса, ІІІ орынды Шаян ауылдық округіндегі С.Әбдіжаппаров атындағы мектеп-интернаты мен «Шаян» мектеп-лицейінің өрендері бөлісті. М.Әуезов атындағы ІТ-лицей мектебінен қатысқан Жұмағали Шерхан «Үздік спикер» аталымын иеленді. Ал «Үздік төреші» аталымына С.Әбдіжаппаров атындағы мектеп-интернатынан келген топтың жетекшісі Түзубек Дархан лайықты деп танылды. Турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қаржылай сыйлықтар берілгенін айта кеткеніміз жөн.