ОҚУШЫЛАРМЕН МАҢЫЗДЫ ЖИЫН ӨТТІ

Бүгінде кәмелетке толмағандардың арасында түрлі мәселелер бар. Мәселен, қазіргі таңда ерте жүктілік, жат ағымның жетегінде кету, қоғамдық орындарда тәртіп бұзу сынды түйткілдер көбейіп келеді. Ол ғана емес, интернеттің кең қолданысқа енуімен құмар ойындары да құрығын кеңге жайып жатыр. Оның шырмауына түскен жастардың болашағы бұлыңғыр екені белгілі. Осы орайда, бүгінгі таңда Түркістан облысында бұл мәселенің алдын алу бойынша бірқатар тың бастамалар көтеріліп жатыр. Тарқатайық…

Жуырда Түркістан қаласы білім басқармасына қарасты Ә.Науаи атындағы №13 мектеп-гимназиясында Түркістан қаласындағы «Ынтымақ» мешітінің имамы Х.М.Қоңыртай, Түркістан ҚПБ ЖПҚ ЧП инспекторы полиция капитаны, Б.Жаханұлы, Түркістан ҚПБ ЖПҚ ЧП инспекторы полиция лейтенанты, Ж.Искакованың қатысуымен кәмелетке толмағандар жасайтын қылмыс пен құқықбұзушылықтардың және оқыс оқиғалардың алдын алу, жасөспірімдердің құқықтарын қорғаумен байланысты органдардың іс-қимылын күшейтуге бағытталған 8-10 сынып оқушыларымен кездесу өткізді. Жиын барысында мектепке себепсіз келмеу, компьютерлік ойындар клубында беймезгіл уақытта жүру, бұзақылық жасау, топтасып төбелесу, қасақана дене жарақатын салу, діни жат ағымдардың жетегінде кету, төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Бұдан бөлек, кездесуде қазіргі уақыттағы ең өзекті мәселенің бірі – лудомания тақырыбы да қозғалды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мұның салдары неге әкелетінін түсіндірсе, мешіт имамы діни тұрғыда мұның теріс әрекет екенін, оңай олжа опық жегізетінін түсіндірді. Жиын соңында ұйымдастырылған сұрақ-жауап барысында жастар көкейін тескен сауалдарды қойып, нақты жауаптарды алды.