ЛУДОМАНИЯМЕН КҮРЕСТІҢ АЛҒАШҚЫ ДЕҢГЕЙІ — АҚПАРАТТАНДЫРУ

Құмар ойынның құрығына түскендердің саны артып барады. Бұл туралы жуырда Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова былай деген еді «25 жасқа дейін осы құмар ойындарға қатыстырмауға қатысты жауапкершілік қарастырылған. Бұл норма өте дұрыс деген ойдамын. Оны қолдаймын. Дәл қазір 21 жасқа дейін осындай шектеу бар. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 200 мыңнан аса адам үшінші адамдар арқылы бәс тігеді екен. Оқушылардың арасында да бұл мәселе әлеуметтік проблемаға айналды». Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта кейбір мектеп оқушылары да теріс әдетке үйір болып, құмар ойынға құмартып жүр.

Ал психологтардың пікірінше, лудоманияға шалдыққандармен күрестің екі деңгейі бар. Біріншісі – ақпараттандыру, екіншісі – тәуелді балалармен психологиялық тұрғыда жұмыс істеу. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде лудоманияға шалдыққан мектеп оқушылары жоқ. Сондықтан түйткілмен күрестің бірінші қадамы негізінде жұмысты күшейту керек. Осы орайда, Түркістан облысы, Отырар ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау комиссиясының 2024 жылғы 12 сәуірдегі хаттамалық тапсырмасына және Отырар аудандық полиция бөлімінің 2024 жылғы 18 сәуірдегі хатына сәйкес Көкмардан жалпы орта мектебінде 7-11 сынып оқушыларының қатысуымен жалпы жиналыс болып өтті.
Кездесуде мектеп директоры Б.Мырзаш, мектеп директорының тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары Қ.Қабыл, педагог-психолог А.Мәмбетәлі және Отырар АПБ ЮПТ инспекторы, полиция капитаны Орымбай Арман оқушыларға кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылық пен ерте жүктілік, оқушылардың әлеуметтік желілер арқылы жат ағымдардың арнайы сайттарына кірмеуінің алдын алу, суицид, зорлық-зомбылық іс-әрекетінің профилактикасы турасында сөз қозғады. Бұдан бөлек, буллинг, нашақорлық және жол қозғалысы турасында да кеңінен ақпарат берді. Лудоманияның қауіп-қатері жайында да әңгіме өрбітіп, оқушылардың көкейіндегі сауалдарына жауап берді.