АҚПАРАТТЫҚ НАСИХАТ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Қоғам өмірін ғаламторсыз елестету мүмкін емес. Бүгінде әлеумет аталған мүмкіндіктің арқасында жұмысын үйде отырып-ақ тындырады. Айшылық алыс жерден хабар алады. Әйткенмен соңғы уақытта интернеттің бұғаусыз кетуі түрлі танымға жат, түсінікке қайшы әрекеттердің жиілеуіне әкелді. Солардың қатарында жастарды өзіне елітіп, тәуелді еткен құмар ойындары да бар. Бұл мәселемен күрес оңай емес. Интернет бетін қаптаған жарнаманы тыйғанымен, өзгесі орнын басып шыға келеді.
Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан болатын. Нақтырағы, өз сөзінде «Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады. Біз нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресу үшін кешенді жоспар қабылдадық. Үкімет лудоманиямен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабылдауы керек. Құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қою қажет. «Amanat» партиясы фракциясының бастамасымен осы мәселе бойынша тиісті заң жобасы әзірленді. Парламентте қаралып жатқан сол жобаны осы сессияның соңына дейін қабылдау қажет. Біз жастардың құмар ойынға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеуіміз керек. Адал еңбекпен тапқан табыс қана берекелі болады» деген болатын. Аңғарғанымыз, сайттарды бұғаттаумен ғана мәселе шешілмейді. Қоғамда кеңінен насихат жұмыстары жүргізілуі ләзім. Ал бұл бағыттағы бастамалардың Түркістан облысында қолға алынғанына біршама уақыт болды. Жыл басынан бері бірнеше ауданда аталған тақырыпты арқау еткен семинарлар, көшпелі отырыстар өткізілді. Әр ауданның шеңберінде қолға алынып жатқан шаралар да аз емес.
Іс-шаралар легі жалғасып келеді. Мәселен, өткен аптада Түркістан облысы, Отырар ауданындағы М.Шаханов атындағы жалпы білім беретін мектебінде Отырар ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау комиссиясының хаттамалық тапсырмасына және Отырар аудандық полиция бөлімінің хатына сәйкес, 7-11 сынып оқушылары арасында ауқымды жиын ұйымдастырылды. Кездесуде кәмелетке толмағандардың арасындағы құқықбұзушылық пен олардың арасындағы ерте жүктілік, оқушылардың әлеуметтік желілер арқылы жат ағымдардың арнайы сайттарына кірмеуінің алдын алу, суицид, көшбасшыларды анықтау, қылмыстың алдын алу сынды тақырыптар тарқатылды. «Буллинг», «Нашақорлыққа жол жоқ!», «Лудомания», «Жол қозғалысы» ережелері бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жиналысқа мектеп директоры Н.Баубеков және ұйымдастырушы педагог пен психолог, сынып жетекшілері қатысты. Жиын барысында ұйымдастырушы педагог С.Бақтиярова оқушыларға «Құқықбұзушылықтың алдын-алу — басты міндет» тақырыбы бойынша баяндама оқыды. Түсіндірме жұмысы жүргізілді.