ЖАСТАР ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫҢ ҚЫР-СЫРЫНА ҚАНЫҚ БОЛДЫ

Қаржылық сауаттылық ұғымының кеңінен қолданыла бастауы оның маңызы мен мәнінің артуына тікелей байланысты. Шын мәнінде қаржылық сауаттылық дегеніміз – ақшаның еркін айналымын қамтамасыз ете алу, оны жұмсай білу қабілеті. Яғни қаржылық, экономикалық үрдістерді түсініп, талдап және ол машықтарды күнделікті өмірде қолдана алу – қаржылық сауаттылықтың негізі. Былайша айтқанда, қарапайым логика, білім мен дағдылардың жиынтығы. Мәселен, табысы жақсы азаматтар бар, жоғары жалақы алады. Бірақ айдың аяғында қалтасында ештеңе қалмай, қайда кеткенін білмей отырады. Табысы тәуір болса да не жинағы, не активі жоқ. Бұл қаржылық сауаттылықтың болмауынан.

Бұл ғана емес, соңғы уақытта қоғамда кеңінен тарап жатқан құмар ойындарына деген тәуелділіктің де бір ұшы дәл осы мәселеге келіп тіреледі. Қаржылық сауаты бар азамат оңай олжаның опық жегізетінін жақсы біледі және мұндай жат қылықтарға әуес болмайды. Өз кезегінде, қазіргі уақытта ел азаматтарын, оның ішінде күнінің көп бөлігі интернетте өтетін жастарға қаржылық сауатты оқытудың маңызы айрықша. Өйткені дәл осы әдіс қоғамдық кеселге айналған лудоманияның алдын алуға себеп болады. Осы орайда, жуырда Түркістан қаласындағы «Түркістан жоғары көпсалалы қолөнер колледжінде» жастармен кездесу өтті. Лудомания мен қаржылық алаяқтыққа қарсы күресте белсенді жастарды жұмылдыру мақсатында өткен «Қаржылық сауаттылық: жарқын болашаққа жетелейді» атты кездесуде колледж студенттері өз ойларында жүрген түйткілді сауалдарды жолдап, жиынға келген спикерлерден сол сауалдарына тиісті жауаптарын ала алды. Ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен бұл басқосуға жалпы саны жүзге жуық жас қатысты.
Жиында спикерлер қаржылық сауаттың қарапайым ережелері турасында ақпарат берді. Негізгі ұстанымдарды баяндады. Спикерлердің айтуынша, негізгі базалық түсініктерді білу, сәттілікті немесе бір ғажайыпты күтпей, қолда бар қаржыны тиімді басқара алу қабілеті әрбір адамға керек. Ал ол үшін ең алдымен қаржылық дисциплина мен жүйелілік қажет. Мысалы, апталық, айлық немесе жылдық есеп жүргізіп, кіріс пен шығысты тіркеп, есептеп жазу — жүйелі реттеудің алғышарты. Сол кезде адам белгілі бір уақыт шеңберінде қанша жинай алатынын, қанша үнемдеп, қанша жаратуға болатынын біледі. Әсіресе, шынайы қажеттіліктерге кеткен қаржы мен импульсивті сатып алуларға жұмсалған ақшаны сараптап, реттеу жақсы нәтиже береді. Бұл күрделі мәселеге айналған лудоманиямен де күрестің алдын алады. Оңай олжаға көп жағдайда қаржылық білімі жоқ азаматтар ұрынып жатады. Бастапқыда кішігірім пайдаға кенелген жандар осы арқылы көп қаражат тапқысы келеді. Ақыр аяғында барынан айырылып, қарызға батады. Сондықтан мұндай бастамалардың маңызы айрықша.