ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕ АРАЛАС ЦИКЛДЫ ГАЗ ЗАУЫТЫ САЛЫНАДЫ

Бүгінде Шымкент қаласы шетелмен байланыста бірқатар ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатыр. Бұл қалаға инвестиция тартумен қатар, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да себепші болуда. Жасыратыны жоқ, энергия көздерінің экономиканы ілгерілетудегі маңызы айрықша. Сондықтан бұл бағытқа елімізде ерекше көңіл бөлініп отыр. Энергия өндіретін жаңа нысандарды салу бойынша да бірқатар бастамалар көтерілген. Жоспарды жүзеге асыру үшін шетелдік қаржы мен білікті компанияларды тарту бойынша да кешенді шаралар атқарылып жатыр.

Мәселен, жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен Мурад Юстел бастаған «Aksa Energy» компаниясының өкілдері кездесіп, қуаттылығы 500 МВт-қа дейін аралас циклды газ зауытын салу жобасын жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойды. Қондырғы құрылысы биыл басталады. Мегаполис басшысы жаңа жобаны енгізу қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізіп, қала бюджетіне қосымша кіріс әкелетінін атап өтті. Құны 700 миллион АҚШ долларына жуықтайтын инвестициялық жобаны жүзеге асыру қала тұрғындарын сапалы электр және жылу энергиясымен және ыстық сумен қамтамасыз етуге бағытталғанын ерекше атап өткен жөн. Құрылыс кезінде 1000-нан астам жұмыс орны ашылады, ал іске қосылғаннан кейін 200-ден астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады.
Ғабит Сыздықбеков түрік компаниясына қалаға қызығушылық танытып, энергетикалық кешеннің дамуына тікелей инвестиция салғаны үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ маңызды саладағы бірлескен жобаны тез арада жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Айта кету керек, соңғы уақытта Шымкент қаласына қаржы құюды ниет еткен шетелдік инвесторлардың саны артып келеді. Бұл қала аумағында кәсіпкерлік саланы дамытуға бағытталған шаралардың, инвесторларға жайлы жағдай жасау бастамасының оң нәтиже беріп жатқанын айғақтайды.