ЛУДОМАНИЯМЕН КҮРЕСТЕ ПСИХОЛОГТАРҒА АРТЫЛАР ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖОҒАРЫ

Бүгінде өскелең ұрпақты тура жолдан тайдыратын түрлі мәселелер бар. Оның ішінде ғаламтор арқылы жастар санасын улайтын құмар ойындарының зардабы айрықша ауыр. Лудомания – қазіргі таңдағы ең өзекті түйткіл. Сондықтан мұнымен күрестің маңызы уақыт өткен сайын арта береді. Сәйкесінше, етегін кеңге жайып келе жатқан күрмеуі қатты мәселемен күресте психологтарға артылар жауапкершілік жоғары. Өйткені сала мамандары ойынқұмарлықтың себебін анықтап, салдарымен күресуде айрықша мәнге ие. Сол себепті лудоманиямен күресу үшін психологтардың тәжірибесін арттыра түсу қажет.

Осы орайда, жуырда Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығының бастамасымен Қазығұрт «Жастар ресурстық орталығы», Келес «Жастар ресурстық орталығы» және Сарыағаш «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастыруымен қазіргі заманауи әдістер мен тиімді техникаларды қолдану арқылы тәжірибе алмасу және жұмыстарды жүйелендіру мақсатында «Психология — ғажайып әлем» атты облыстық көшпелі отырыс болып өтті. Шараның негізгі мақсаты — Түркістан облыстық жастар ресурстық орталығының психолог мамандары арасында тәжірибе алмасу, жұмыстарын жүйелендіру және кәсіби біліктілігін арттыра отырып, заманауи әдістер мен тиімді техникаларды қолдану арқылы жастар мен жасөспірімдердің мінез-құлқын дұрыс бағытқа қарай бағыттау.
Көшпелі отырыс, Түркістан облысы Қазығұрт ауданында өнер мектебінде өткізілді. Іс шараға Түркістан облысы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің аудан, қаладағы жастар орталығының психолог мамандары және емхана, білім психологтары, мектеп оқушылары қатысты. Семинар тренингке қатысушылар арт терапия, саналы ұрпақ — жарқын болашақ, жастар мен жасөспірімдер арасындағы аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын-алу және болдырмау, ойынқұмарлық-тәуелділік, лудомания, дискриминация бойынша жұмыстарды күшейту, сондай-ақ психолог мамандарының қызмет функциясын талдап, құзыреттіліктерін арттыру негізінде әдістемелік көмек көрсету жағдайларын қарастырып, бір-бірімен тәжірибе алмасты. Шарада облыстық Түркістан облысы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің «Қоғамдық даму және психологиялық көмек көрсету» бөлімінің басшысы Кипчакбаева Гүлнұр психологияның негізгі бағыттары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар Төлеби аудандық емхана, білім психологтары арнайы бағыттар бойынша оқушыларға ақпараттандыру жұмыстарын жүргізіп, сергіту сәті жасалды.
Айта кетейік, жуырда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша 22 сәуірде ҚР Парламенті Мәжілісі мақұлдаған заңнамалық түзетулерге қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ұсынылған бастамаларды нақты жүзеге асыру үрдісі жалғасуда. «Мәжіліс бірінші оқылымда ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен түзетулер туралы заң жобасын қабылдады. Қазіргі қоғамның бес негізгі әлеуметтік мәселесін атап көрсеткен Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атыраудағы сөзінен кейін депутаттар аталған түзетулерді бастама ретінде көтерді» деп жазды Ерлан Қарин Telegram-дағы парақшасында. Атап айтқанда, Ұлттық құрылтайда Президент лудомания мыңдаған отбасыны бүлдіріп, көптеген адамды қылмысқа итермелеп, сансыз қиыншылықтарға соқтырып жатқанын баса атап өткен еді. «Сондықтан Мемлекет басшысы Парламенттің қазіргі сессиясының соңына дейін ойынға тәуелділікке қарсы іс-қимыл туралы заң қабылдауды және лудоманиямен күресудің кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды. Заң жобасы талқысына Ұлттық құрылтай мен Президент жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшелері белсенді қатысып, бұл мәселені қоғамдық салада алғашқылардың бірі болып көтергенін еске сала кетейін» деді Мемлекеттік кеңесші.