КҮН ТӘРТІБІНДЕГІ КҮРМЕУІ ҚАТТЫ МӘСЕЛЕНІҢ ШЕШУ ЖОЛДАРЫ ТАРҚАТЫЛДЫ
«Лудомания» деген сөзді соңғы кезде өте жиі естіп жүрміз. Яғни бұл — құмар ойынға деген тәуелділік.Қазіргі қоғамымыздағы дендеп келе жатқан үлкен дерт десек те болады. Бұл мәселені талай жерде қозғап, айтып жатқанымен шешімі әлі де табылмай келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияны психикалық ауытқуға әкелетін сырқаттардың қатарына қосты. Осы орайда, елімізде аталған мәселемен күрес шаралары қарқынды жүріп келеді. Бүгінде жергілікті жерлерде құмар ойынмен күрес шараларына түрлі ұйымдар атсалысып жатыр.
Мәселен, жуырда Қазақстан Халық партиясы Түркістан облыстық филиалы «Лудомания-қоғам дерті» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Жиынға Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығының төрағасы Ернар Нұралыұлы Бектаев, Түркістан дәрігерлік дене тәрбиесі диспансерінің бас маманы Дамира Дарменова, Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» бөлім бастығы Қайрат Құралбайұлы Салықбаев, ҚХП Түркістан облыстық филиалы әйелдер қанатының төрайымы Айғаным Нұрмаханқызы Ордабекова және партия белсенділері қатысты.
Шара барысында сөз алған облыстың жастар жетекшісі Ернар Бектаев елімізде лудоманиямен 500 мың адам есепте тұрғанын және оның алдын алуға бағытталған 400-ге жуық іс-шара өткізу жоспарланып жатқанын жеткізді. Бұл бағытта аға буын, жастар, құқық қорғау органдары, психолог және басқа да мамандар ел-елді аралап, індеттен сақтану жолдарын түсіндіруде. Іс-шаралардан дін қызметкерлері де шет қалып жатқан жоқ. Түсіндірме жұмыстарын тереңдете жүргізіп жатыр. Жуырда өткен жиында осы және өзге де нақты шаралар жоспары айтылып, алдағы уақытта жүзеге асуы тиіс бастамалар жайы кеңінен талқыланды.