ТӘУЕЛДІЛІК САН СОҚТЫРЫП ЖҮРМЕСІН…

Құмар ойындарына деген тәуелділік – соңғы жылдардағы ең өзекті мәселелердің бірі саналады. Өйткені осының салдарынан қылмысқа барып, темір торға тоғытылып жатқандар бар. Мәселен, жуырда Түркістан облысына қарасты Созақ ауданында аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері алаяқтық қылмысын жасады деген күдікпен бұрын сотты болған 35 жастағы жергілікті тұрғынды қолға түсірді.

Күдікті ер адам өзінің танысын «кәсіпорындардың бірінде оператор қызметіне жұмысқа орналастырып беремін» деген желеумен сеніміне кірген. Одан жалпы сомасы бір миллионға жуық қаржысын алып, байланысқа шықпай, ізін суытқан. Тәртіп сақшылары бұдан бөлек оның осы алаяқтыққа қатысты тағы 2 оқиғасын анықтады. Келтірілген шығын көлемі 3 миллион теңгеден асады. Ол жәбірленушілерден алған ірі көлемдегі ақшаны құмар ойынға жұмсап жіберген. Қазіргі таңда күдіктінің қылмыстық ісі сотқа өтті. Бұл – қоғамға белгілі бір ғана дерек. Мұның өзінен-ақ лудоманияның кез келген адамның өмірінің астаң-кестеңін шығаратынын аңғаруға болады. Жалпы аталған мәселемен күресу бағытында Түркістан облысында қолға алынып жатқан бастамалар көп. Мәселен, жуырда Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Құмар ойынға құмартпа!» атты тақырыпта жастармен дөңгелек үстел өтті.
Шараның мақсаты – сана және түйсік арқылы болатын ойынқұмарлық деңгейін азайту, басу, ойыннан тыс уақыттағы мінез-құлықты бақылау, құмарлануға жол бермеу. Жалпы құмар ойыны мен оны шектей білу сезімінің жоғалуы қайғылы оқиғаларға әкеп соқтырады. Құмар ойындарға тәуелді адамдардың саны қазір күн санап арта түсуде. Оның қақпанынан босап шығу әркімнің қолынан келе бермейді. Психотерапевт дәрігерлердің айтуынша, бұл ойынға тәуелділікті емдеу нашақорлықты емдеуден де күрделірек. Емдеу уақыты да екі жылға созылады екен. Осы орайда, жиынға қатысқан «Қоғамдық даму және психологиялық көмек көрсету» бөлімінің психолог маманы Өміртаева Жансая Ержанқызы «Адамның санаулы ғана ғұмырында көптеп кездесетін, алдыңды жиі орап, сананы еліктіріп өзіне тартатын нәрсенің бірі – құмар ойындары десек қателеспейміз. Адам баласының көп жағдайларда құмар ойындарына құмарта отырып, өзінің күнәлі істерге жол беріп алатынын ескере бермейтіндігі өкінішті» дей келе, жастарға азық болатын тың ақпараттармен бөлісті. Шара қатысушылары мамандарға өзін мазалаған сауалдарын қойып, нақты жауаптарын алды.