ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ОЙЫНҚҰМАРЛЫҚПЕН КҮРЕС ШАРАЛАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР
Қазіргі уақытта жастар арасындағы ең өзекті мәселелердің қатарына құмар ойынға деген тәуелділік жатады. Жасыратыны жоқ, интернеттің кең қолданысқа енуімен етегін кеңге жайып жатқан әлеуметтік түйткілдің зардаптары ауыр. Қазіргі уақытта лудоманияға шалдығып, отбасын бұзып жатқан жастардың саны артуда. Сондықтан аталған мәселе күн тәртібінен түспей тұр.
Бұл түйткіл турасында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында атап айтқан еді. Президент ұсынған мәліметке сәйкес, бүгінде 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Өз сөзінде «Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады. Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады» деген болатын мемлекет басшысы. Осы орайда, еліміздің түкпір-түкпірінде аталған мәселемен күрес шаралары қарқынды жүріп жатыр. Оның ішінде Түркістан облысында жыл басынан бері бірнеше ауқымды шара ұйымдастырылды. Мәселен, Келес ауданында «Лудомания — қоғам дерті» атты облыстық форум өтті.
Қоғам дертіне айналған осы індет туралы шара еркін форматта өтіп, өңірдегі жасөспірімідер, студенттер мен қоғам белсенділері қатысты. Форумға Келес ауданы әкімінің орынбасары Даурен Сариев, облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Ернар Бектаев сөз сөйлеп, жастарды құмар ойыннан аулақ болуға шақырды. Жиын барысында «Лудомания – үлкен дертке айналған қауіпті құбылыс. Жалпы құмар ойындарының зардабы елдің дамуына кері әсерін тигізіп, адамның кері кетуіне ықпал ететіндігін нақты ұғынуға тиіспіз. Ел болып, бесігімізді түзетеміз десек, жастарымызға бұл дерттің зиянын барынша ұғындыруымыз қажет. Осы шараны ұйымдастырудағы негізгі мақсат — аудан жастарын құмар ойыннан аулақ болуға шақыру, зардаптары мен салдарын көрсету» деді аудан әкімінің орынбасары Даурен Нұрланұлы.
Түркістан облысында тұңғыш ұйымдастырылған форумға көпшілікке «Жайдарман», «Азартник» сериалдары арқылы танылған Нұрсұлтан Мейірбек, Ғани Беркінбаев, Бағлан Шеріпбаев және Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп тексеру департаментінің екінші жедел басқармасының аға жедел уәкілі Гүлзия Қарсыбай қатысып, психоәлеуметтік мәселелер салдарынан туындайтын ойынға құмарлықтың статистикалық көрсеткіші бойынша нақты деректер келтіре отырып баяндама жасап, өз ойларын ортаға салды. Шараға Түркістан облысының аудан, қалаларынан 400-ге жуық жас қатысып, келген қонақтарға жан жақты сұрақтар қойылды. Бұл дерт күн өткен сайын қанатын жайып, өмір шырғалаңында талайларды шырылдатты. Қоғамдық дертті, қоқысқа тастайтын уақыт жетті. Уақыт өткен сайын жастармыздың санасын улап, құрдымға батыруда. Мәселені уақыттың еншісіне қалдырмай, тиісінше дұрыс әрекет жасап, жастарымызды дерттен сауықтырып, уақытты емшіге айналдыруымыз қажет.
Айта кету керек, форум аясында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен ойынқұмарлық алдын алу, бос уақытты тиімді пайдалану мақсатында эстафеталық сайыс өтті. Жарысқа облыстың аудан, қалаларынан 11 команда қатысып, спорттың қол күрес, жүгіру, белтемірге тартылу, арқан тартыс бойынша сынға түсті. Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды Сарыағаш жастары иеленсе, 2-орынға Төлеби жастары ие болды. Ал 3-орынды қазығұрттық жастар алды.