ҚҰМАР ОЙЫН ҚҰРДЫМҒА БАТЫРАДЫ

Созақта ауқымды форум өтті

Ұлттық статистика бюросының көрсеткіші бойынша, былтыр құмар ойындар мен бәс тігуді ұйымдастыру бойынша қызметтердің көлемі 572 миллион теңгені құраған. Алматы қаласының өзінде лудомандардың 506 миллион теңгесі қалтадан қағылған, кейін Ақмола қаласы көш бастаса, үштік қатарын Қарағанды аяқтап отыр. Мұндай көрсеткіш нәтижелері баланың тәрбиесіне кері әсерін тигізіп, болашақ ұрпақтың санасына селкеу түсіретінін ұмытпаған жөн. Елімізде былтыр 36 мыңнан астам адам психологиялық дертке шалдыққан. Ойын ойнап опық жеген жандардың ішінде қазір қоғамға пайдасын тигізіп жүргендері де бар екен.

Осы орайда, елімізде аталған мәселемен күрес қарқынды жүргізіліп келеді. Мәселен, жуырда Түркістан облысына қарасты Созақ ауданында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Жастар санасын билеген – лудомания» атты форумы өтті. Форумда спикер ретінде 14 жылдық тәжірибесі бар психолог-психотерапевт, Астана қаласындағы «Көмек» оңалту орталығының психологы — Серікгүл Сәли, Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп тексеру департаментінің қызметкері Ермахан Мырзабай Болатұлы, Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің «Қоғамдық даму және психологиялық көмек көрсету» бөлім басшысы мазмұнды ойларымен, тәжірибесімен бөлісті. Форумның мақсаты – адам өмірінде негативті тұрғыдан басым рөл ойнайтын, әлеуметтік, кәсіби, материалдық тұрғыдан және отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкелетін патологиялық ойынқұмарлық — лудомания дертінің емін көрсету, алдын алу.
Аталмыш форумда Мырзабай Болатұлы бұқаралық желілердегі жеңіл ақшаға шақыратын ақпараттарға анализ жасау бойынша сөз сөйледі. Психолог-психатерапевт Серікгүл Сәли лудоманияның басталуы, сананы улауы, оның емі туралы түсіндірме жұмысын жүргізді. Психолог-психатерапевт өз сөзінде «Мен жасайтын оңалту орталығында ең жас лудоман 16 жаста, ең үлкені — 42 жаста. Лудомания — ақшаға тәуелділік. Ойынқұмарлыққа кірген танысыңыз болса, оның қарызын жауып, құтқарамын деп ойламаңыз. Сіз оған тағы да ойнауға мүмкіндік ашып бересіз» деп тілге тиек етті. Ал Гүлнұр Бейсенқызы облыс көлемінде бұл дерттің алдын алу тек іс-шаралармен шектеліп қана қоймай, қоғам болып күресуге шақырды. Шараға аудан жастары, психологтары, пробация есебінде тұрған жастар қатысты.
Айта кету керек, құмар ойындарға қатысудан және бәс тігуден өз бетінше шектеу бойынша қызмет цифрлық форматқа ауыстырылып, «eGov mobile» қосымшасында қолжетімді болды. Енді Қазақстан азаматтары, сондай-ақ ҚР аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер «eGov mobile» мобильдік қосымшасы арқылы 6 айдан 12 айға дейінгі мерзімге өздерінің құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуын ерікті түрде шектеуге өтініш бере алады. Жаңа қызмет өтінімдерді өңдеуге кететін уақытты айтарлықтай азайтады және құмар ойындардан бас тарту процесін жеңілдетеді. Бұл кез-келген азаматқа, әсіресе шамадан тыс ойнауға бейім адамдарға, ҚР юрисдикциясы аясында лицензия алған барлық ресми ойын алаңдары мен онлайн-букмекерлік платформаларды қолдануды шектеуге мүмкіндік береді.
Өтінім беру үшін «eGov mobile» мобильдік қосымшасында «Қызметтер» қойындысына, содан кейін «Спорт» бөліміне өтіңіз. Қызметтер тізімінен «Құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуды шектеу жөніндегі сервисті» таңдау қажет. Ашылған бетте шектеу мерзімін айлармен көрсетіп, «Қызметке тапсырыс беру» түймесін басыңыз. Әрі қарай, сіз жылдам қол жеткізу кодын немесе биометрияны пайдаланып қызметке қол қоюыңыз керек. Қызметке қол қойылғаннан кейін, өтінім мәртебесімен таныса аласыз. Өтінімді құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуын шектегісі келетін адам ЭЦҚ пайдалана отырып беруі тиіс. Үшінші тұлғалардың өтінім беруіне жол берілмейді.
«eGov mobile қосымшасы арқылы құмар ойындарға қатысуды және бәс тігуді өз бетінше шектеу бойынша қызмет көрсету соңғы уақытта қоғамның өте өзекті мәселесіне айналған лудоманиямен күрестегі құралдардың бірі саналады. Жаңа қызмет пайдаланушыларға құмар ойындарға қатысуын бақылауға және оларға қол жеткізуге шектеулер қоюға мүмкіндік береді, бұл қаржылық проблемалар мен лудоманиямен байланысты жеке мәселелерді айтарлықтай төмендетеді» дейді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма Төрағасы Ростислав Коняшкин. Егер қызметті алуға өтінім бұрын берілген болса, қызметті қайта алуға болады. Яғни қайта өтінім берген кезде бұрынғы өтінім туралы ақпараттық хабарлама көрсетіледі, «Иә» сөзін басқан кезде қызметті қайтадан алуға болады, осылайша оның мерзімін ұзартуға болады. Өтінім бергеннен кейін сервис өтінімді тіркейді және қолданушы құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан шектелген адамдар тізіміне өтінімді қайтарып алу құқығынсыз енгізіледі.
Ойын бизнесі субъектілерінің әрбір сұрау салуы тізімде тұрған адамдардың өзге де жеке деректерін жарияламай ЖСН деректемелері бойынша жеке өңделеді. Ойын бизнесі субъектілерінде тізіміне қолжетімділік болмайды. Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырған болатын. Қызмет Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Туризм және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетімен және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлескен жұмысының арқасында пайдаланушылар үшін қолжетімді болып отыр.