ҚОҒАМНЫҢ БІРЛІГІН НЫҒАЙТҚАН БАСТАМА ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ
Соңғы уақытта елімізде түрлі жайсыз оқиғалар орын алды. Әсіресе, тасқын су еліміздің басым бөлігіне ауыр зардаптарын әкелді. Табиғаттың тосын апаты әлеуметтік сарсаңға салумен қатар, қоғамның бірлігін де нығайта түсті. Қазіргі уақытта еліміздің түрлі аймақтарынан батысқа көмек жіберіліп жатыр. Мәселен, өткен аптада Шымкент қаласындағы ассамблея белсенділері су тасқынынан зардап шеккен еліміздің батыс өңіріне гуманитарлық көмектің үшінші легін шығарып салды.
Бұл жолы тағы Батыс Қазақстан облысына баратын жүк көлігіне Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» жобасы аясында жұртшылықтан жиналған құны 8,5 млн теңгеден асатын 20 тоннаға жуық азық-түлік өнімдері мен аса қажетті заттар жиынтығы, атап айтқанда, макарон өнімдері, күріш, қарақұмық, қант, шай, өсімдік майы, ұн, тұз, су, газдалған су сынды түрлі азық-түлік өнімдері мен сабын, шампунь, тіс пастасы, ыдыс жууға арналған сұйықтық, сүлгі, матрас, жастық, төсек жаймасы, шатыр және киім-кешек, гигиеналық заттар артылды.
Бұған дейін, нақтырағы, 6 және 10 сәуір күндері Шымкент қалалық ҚХА мүшелері 40 тоннадан астам гуманитарлық көмекті су тасқынынан зардап шеккен Атырау және Батыс Қазақстан облыстарына жөнелткен болатын. Өз кезегінде, бір аптада су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 3 рет гуманитарлық көмек жөнелткен қалалық ассамблея жанындағы штаб мүшелері игі бастамаға атсалысқан өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен «АлемТрансЖол», «Алекс», «Kazakhstan Distributors Centre» компанияларына, «Арай» ЖШС, «Яворский & партнеры» адвокаттық конторасына, этномәдени бірлестіктердің төрағаларына, «Ассамблея жастары» ұйымына және сын сағатта алыстағы ағайының қиын жағдайына бей-жай қарамай, шұғыл көмек қолын созған қарапайым тұрғындарға алғыс білдіреді.