ЖАСТАРМЕН КЕЛЕЛІ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Бүгінгі жастар – ертеңгі елдің тізгінұстары. Осы орайда, елімізде өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына барлық жағдайлар жасалып келе жатыр. Жастар саясаты жемісті жұмыс істеуде. Мәселен, Шымкент қаласында соңғы жылдары өскелең ұрпақ арасындағы өзекті түйткілдердің түйінін ағытуға жастардың өзі мұрындық болуда. Атап айтқанда, ақпараттық топ қалаға қарасты шағынаудандар мен елді мекендерге барып, мемлекеттік бағдарламалар турасында кеңінен ақпарат беруде.

Бұл ғана емес, интернет алаяқтық пен өзге де түрлі теріс әрекеттерден сақтандыру бойынша да сан қырлы бастамалар көтерілуде. Мәселен, қазіргі таңда азаматтардың дәстүрлі діннен адасып, өзге діннің жетегінде кетіп жатқандығы — қоғамның өзекті мәселесіне айналып отыр. Өйткені ислам діні біреу болғанымен, сан тарауға жіктеп алып, ел арасында іріткі салып жүргендер де қатарымыздан табылуда. Осы орайда, Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері арнайы дін саласының мамандарымен бірлесіп, үшінші мегаполистегі оқу орындарының жастарымен жиі жүздесіп жүр. Кезекті кездесу — Сайрам медициналық колледжі мен Оңтүстік Қазақстан көп салалы колледжінде «Дәстүрлі емес діни ағымдардан сақтан!» тақырыбында өтті. Кездесуге «Халифа Омар» мешітінің имамы Арын Бауыржан, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің бөлім басшысы Тілләбек Саян және «Қоғамдық келісім» КММ-нің қызметкері Әбдікәрім Нұржан қатысып, түрлі кереғар діни ағымдардан сақтану жолдары мен оның алдын алу туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Кездесу ашық форматта өтті. Яғни студент жастар өздерін мазалаған сауалдарды кәсіби мамандарға қойып, жауаптарын алды. Жиынға қатысқан жастардың айтуынша, мұндай кездесулердің маңызы айрықша. Себебі қазіргі уақытта әлеуметтік желі арқылы түрлі теріс ағымдар кең етек жайып барады. Ал оң ме солын танымаған өскелең ұрпақ олардың жетегінде кетіп барады. Сондықтан да кәсіби мамандар мен дін қызметкерлерінің кеңесі аса қажет.
Айта кету керек, бұған дейін Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен нашақорлықтың алдын алу бағытында Инновациялық-технологиялық колледжі студенттерінің арасында кездесу өткен болатын. Шара мақсаты – жастар арасында нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа баулу. Кездесуге Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Манабаева Балжан Хамидуллаевна, Шымкент қаласы Психикалық денсаулық сақтау орталығының нарколог дәрігері Корғанбаева Карлығаш Жаркынбекқызы қатысты. Кездесу барысында спикерлер нашақорлықтың адам өмірі мен денсаулығына кері әсері, есірткіге құмарлықты қалыптастыруға ықпал ететін факторлар туралы қажетті ақпараттар беріп, жастарды салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақытын тиімді істермен айналысуға шақырды.