КҮРДЕЛІ НЕЙРОХИРУРГИЯЛЫҚ ОТА СӘТТІ ЖАСАЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында медицина саласының маңызына айрықша тоқталған болатын. Өз сөзінде ел Президенті «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» дей келе, нақты тапсырмалар да жүктеген. Аталған тапсырма аясында еліміздің барлық өңірінде тиісті жұмыстар атқарылып келеді.

Мәселен, Шымкентте соңғы жылдары медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту мен дәрігерлердің біліктілігін арттыруға айрықша көңіл бөлінді. Нәтижесінде саладағы ауыр оталар қаладағы ауруханалардың базасында сәтті жасалып жүр. Мәселен, жуырда үшінші мегаполисте күрделі нейрохирургиялық ота сәтті жасалды. Күрделі операция Шымкент қалалық №2 ауруханасында өтті. Дәрігерлер бастың жиі ауруы, жоғары қан қысымы, құсу, құрысу, ентігу белгілерімен шағымданған 22 жасар науқасқа «галена венасының артериовенозды мальформациясы» диагнозын қойған.
Ангиография құрылғысының көмегімен күрделі операция сәтті жасалды. Ота барысында тамыр ішінде мальформация бітелді. Жоғары технологиялық медициналық қызмет түрі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін жасалды. Пациенттің қазіргі жағдайы жақсы. Жақын күндері үйіне шығарылады. Жалпы бұл өте сирек әрі қауіпті диагноз саналады. Статистика бойынша патологиямен ауырғандардың 90 пайызы уақытылы ем қабылдамаса, өліммен аяқталады.