АУЫЛ ХАЛҚЫ АЗАЙЫП БАРАДЫ…

Елімізде аграрлық саланы дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Бұл, біріншіден, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуды көздесе, екіншіден, саланың дамуына серпін береді. Десе де ресми статистика ауыл халқының әлі де қалаға үдере көшіп жатқанын айғақтайды. Мұны жуырда премьер-министр Олжас Бектенов те растады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 6286 ауылдық елді мекен бар. Онда 7,5 млн адам немесе республика халқының 38 пайызы тұрады. Дегенмен соңғы 10 жылдағы көрсеткіштерді сараласақ, болашағын ауылмен байланыстырмайтын қазақстандықтардың саны өсіп бара жатқанына көзіміз жетеді. Өйткені 2013 жылы Қазақстанда жалпы 16,9 млн адам болса, оның 7,6 млн-ы немесе 45 пайызы ауылда тұрған. Қарап отырсақ, ауылдағы демографиялық өсімнің жоғары болғанына қарамастан, 10 жылда ауыл халқы 100 мыңға азайған.
Мұның себебін сан түрлі тәсілмен түсіндіруге болады. Инфрақұрылым мәселелері, жұмыссыздық деп тізе берсек, шыға берері айқын. Қала берді, қалаға бағыт алған көштің жуық арада тоқтай қоймайтыны тағы белгілі. Бұл үрдіс жалғасып, ауыл жастары алып шаһарларға ағыла берсе, аграрлық саланы дамытатын сапалы кадр, мықты мамандарды таппай қаларымыз айқын. Сондықтан қазақтың алтын бесігі саналатын ауылдағы әлеуметтің мәселесін шешу кезек күттірмеуі тиіс.

С.НҰРАЙ.