ҚАЗЫНА ҚАРЖЫСЫНА БАҚЫЛАУ КҮШЕЙДІ

Шымкентте мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының құны асыра бағаланғаны анықталды

Соңғы уақытта қызметте жүргенде қазынаның қаржысын қалтаға басып, қара басының қамын күйттегендердің айыбы ашыла бастады. Сең қозғалды десек те болады. Өрмекшінің торындай шырмалған ескі жүйенің шеті сетінеп, мемлекетке шығын келтіргендер заң алдында жауап беруде. Тексеру де күшейген тәрізді. Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес. Жуырда Шымкент қаласында тағы бір ауқымды мәселеге қатысты ақпар тарады.

Нақтырағы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің бастығы Дәурен Ерғарин 18 наурыз күні фейсбук желісіндегі парақшасында тағы бір тосын жаңалық туралы жазба қалдырды. Ондағы дерекке сәйкес, Шымкент қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының құны 2,1 млрд теңгеге төмендеген. Нақтырағы жазбада «Бюджет қаражатын мақсатсыз игерудің алдын алуға бағытталған белсенді жұмыс жалғасуда. Шымкент қаласында жедел медициналық көмекті жаңғыртуға 2019 жылы жергілікті бюджеттен 9,6 млрд теңге бөлінгені белгілі. Аяқталған сотқа дейінгі іс жүргізу аясында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының құны асыра бағаланғаны анықталды. Осыған байланысты, департаменттің ұсынымы бойынша әкімдіктің бейінді басқармасы сотқа тиісті талап қоюға бастамашылық жасап, ағымдағы жылдың 14 наурызында жобаның құнын 2,1 млрд теңгеге төмендету жағына өзгертілді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда» делінген. Жария болған деректерге сүйенсек, аталған мәселе медициналық қызметті жаңғырту аясында сатып алынатын арнайы көліктерге қатысты болып отыр. Тарқатсақ, осыдан 5 жыл бұрын компания көліктерді жеткізіп, жұмыстарды қабылдау-тапсыру актісінде құнын 4,8 млрд теңге етіп көрсетеді. Ал сот сараптамасының қорытындысына сәйкес, инвестор дәл осы көліктерді жеткізуге 2,7 млрд теңге жұмсаған. Бір қызығы, сол уақыттағы денсаулық сақтау басқармасының басшысы мұны қабылдап алған.
Қош делік, жемқорлық тақырыбы сөз болса, әуелгілерден ойымызға оралатын Шымкентте мұндай деректер жиілеп барады. 2019 жылы дәл осы салаға жауапты болған басшылардың кім екені баршаға аян деп білеміз. Ал енді қаражат көлемін анықтағанда бақандай 2,1 миллиард теңгеге шатасатындай кадрлары соншалықты сауатсыз емес болар деген ой санамыздан сығалайды. Өйткені бұл аз қаржы емес. Жауапкершілік алған басшылардың жауап бергені жөн. Әйтпегенде қазынаның қаржысы тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кете беретін дүние емес. Бұл тақырыпты алдағы уақытта тағы да тарқатамыз…