ЖАСТАРДЫҢ КӘСІП БАСТАУҒА ДЕГЕН ҚҰЛШЫНЫСЫ ЖОҒАРЫ

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биыл жастардың кәсіп бастауы үшін төмендетілген пайызбен несие беріле бастаған болатын. Осы орайда, Шымкент қаласы жастардан микрокредит алуға өтінімдер көп түскен бестіктің қатарына еніп отыр. 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алуға 500-ге жуық азаматтан өтініш түскен. Бүгінгі таңда 272 үміткердің жобасы мақұлданды. Жас кәсіпкерлердің бизнес-жоспарларын қолдауға қаралған қаражат толығымен игеріліп отыр.

Жеңілдетілген несие алып, кәсіп бастаған жастардың басым көпшілігі мал шаруашылығы, қызмет көрсету, сауда, өсімдік шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп саласын қамтыды. Жеңілдетілген несие 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға өз кәсібін ашуға немесе оны кеңейтуге жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда беріледі. Жас кәсіпкерлер 5 миллион теңгеге дейінгі несиені мал шаруашылығы жобалары үшін – 7 жылға дейін, кәсіптің басқа түрлері үшін – 5 жылға дейінгі мерзіммен ала алады. Бұл ретте қатысушылардың «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ға өтініммен жүгінген уақыттағы жасы ескеріледі. Микрокредит алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі беріледі, ол микрокредит мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды.
Жастарға микрокредит беру бойынша толығырақ ақпаратпен және жиі қойылатын сұрақтармен www.agrocredit.kz сайтында танысуға болады. Шымкентте өтінім беру үшін құжаттарды «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Шымкент қаласындағы филиалына тапсыру қажет.