«МЕН ДОНОРМЫН» АКЦИЯСЫ ӨТТІ
Шымкент қаласында жастардың бастамасымен түрлі шаралар жүзеге асып келеді. Бүгінде құқықтық сауатты арттыру, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру бағытында бірқатар шаралар сәтті өтті. Бұл ғана емес, жуырда Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының Жастар ресурстық орталығы «Мен донормын» атты акцияны өткізді. Ерікті жастардың қатысуымен болған шара барысында 50-ден астам азамат Нұрсат шағынауданында орналасқан қалалық қан орталығына жиналды.
Игі іс жастарға қан мен оның компоненттерін қайта құю арқылы адам өмірін құтқарып, денсаулығына қауіп-қатер төнген жандардың өмірін ұзартуға мүмкіндік бар екендігін түсіндіру мақсатында қолға алынған. Жастар ресурстық орталығы қоғаммен байланыс және ақпараттық талдау бөлімінің басшысы Ақерке Сұлтанның айтуынша, акцияға ерікті жастар мен Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері қатысып, өз қандарын тапсырды. Алдымен донорлардың денсаулықтарын толық тексеруден өткізіп, қан мөлшері, гемоглобин көрсеткіші мен түрлі ауру белгілерінің бар-жоғын зертханалық жолмен анықтап, содан кейін ғана қан тапсыруға мүмкіндік берілді.
М.Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық инситутының бірінші курс студенті Мардан Орынбай қан орталығына келіп, жыл сайын қан тапсырады екен. Сауапты іс істеп жүрген ол, игі бастамаға достарын да ерте келіпті. «Өмірде түрлі оқиға орын алады. Кейбір жандарға қан керек болған жағдайда қол ұшымды созу менің азаматтық парызым деп білемін. Жастар ресурстық орталығының бастамасымен болып жатқан «Мен донормын» акциясына өз еркіммен қан тапсырып, өзге жанға үміт сыйлағым келеді. Менің қаным бірінші топқа жатқандықтан, абсолютті донор бола аламын» дейді ерікті. Айта кетейік, орталық облыс және қала бойынша 42 медициналық мекемені қан компоненттерімен қамтамасыз етеді. Шымкент қаласының қан орталығына жыл басынан бері 26 000 азамат қан компоненттерін тапсырған.