«ҚАУІПСІЗ ҚАЛА» ХАЛЫҚТЫҢ ҚАМСЫЗ ӨМІР СҮРУІНЕ ЫҚПАЛ ЕТЕДІ

Кез келген қоғамда халықтың мамыражай ғұмыр кешуі үшін қауіпсіздік саласының жұмысы жоғары деңгейде болуы керек. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласында жүзеге асырылып жатқан жұмыс аз емес. Жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қалалық Полиция департаментінің жұмысымен жақыннан танысты.

Кездесуде үшінші мегаполисті қауіпсіз қалаға айналдыру шараларын пысықтады. Қала басшысы халықтың жайлы орта, қауіпсіз қалада өмір сүруін қамтамасыз ету ортақ іс екенін айта келе, Жедел басқару орталығының жұмысын жандандыру керегін жеткізді. Яғни қаладағы барлық әлеуметтік маңызы бар нысандағы бейнекамераларды Жедел басқару орталығына қосуды ұсынды.
Департамент бастығы Думан Таевтың айтуынша, «Қауіпсіз қала» бағдарламасын іске асыру аясында 479 «Pelco» бейнебақылау камерасы, 21 көше қиылысында 212 «Интегра» бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Ал «Қауіпсіз мектеп» бағдарламасы аясында 150 мемлекеттік мектепте 2 618, жекеменшік 36 мектепте 700 бейнебақылау камерасы орнатылып, Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына біріктірілген. Қалада соңғы үш жылда 3868 бейнекамера орнатылды. Оның 1 500-і қоғамдық, 2 368-і жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қойылған. Айта кету керек, алдағы уақытта қала аумағы тағы 1500 бейнекамерамен толықтырылады.