ОҚУШЫЛАР САРАЙЫ 5 МЫҢНАН АСТАМ БАЛАНЫ ҮЙІРМЕЛЕРМЕН ҚАМТЫП ОТЫР
Үшінші мегаполисте білім саласының дамуына барлық жағдайлар жасалып келеді. Соңғы бірнеше жыл ішінде шаһар аумағындағы бірқатар мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Орын тапшылығын жою мақсатында бірқатар білім ордаларында қосымша оқу корпустары салынып жатыр. Бұл ғана емес, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында ашылған мектептердің де қатары артып келеді. Бұдан бөлек, оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында түрлі шығармашылық үйірмелерді қамтитын оқушылар сарайы да салынып жатыр.
Жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаладағы №2 Оқушылар сарайына барып, аралап көрді. Қосымша білім беруді дамытуға арналған Оқушылар сарайы биыл шілде айында пайдалануға берілді. Балаларды қабылдау «Mindal24.kz» электронды порталы арқылы жүзеге асырылуда. Қазір мұнда 5 000-ға жуық бала тәлім алады. Олар 6 бағыт бойынша 65 үйірмемен қамтылған. 232 оқу кабинеті қарастырылған. Атап айтқанда, биотехнология, бағдарламалау, 3D модельдеу, практикалық физика, химия мен робототехника, гидропоника, КИП және автоматика, ағаш өңдеу, қыш өнері, фото-видео монтаждау, драма, сенсорлық, лингвистика кабинеттері мен медиа-зал жұмыс істеп тұр.
Барлық үйірме заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған. Қосымша футбол, баскетбол, волейбол алаңдары да бар. Негізгі басымдық ғылыми технологияны дамытуға беріліп отыр. Қала әкімі үйірмелерді аралау барысында Оқушылар сарайының жауапты басшылық құрамына мемлекет берген мүлік пен ішіндегі құрал-жабдықтарды тоздырмай, күтіп ұстау қажеттігін баса айтты.