АБАЙ АУДАНЫНДА САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ 96,2 ПАЙЫЗДЫ ҚҰРАП ОТЫР

Шымкент қаласына қарасты елді мекендер мен шағынаудандарда инженерлік инфрақұрылым мәселесі шешімін тауып келеді. Мәселен, Абай ауданы аумағы бойынша 27 елді мекеннің 26-сы сапалы ауыз сумен қамтылған, пайыздық көрсеткіш 96,2 пайызды құрап отыр. Бұдан бөлек, қазіргі таңда Қайнарбұлақ тұрғын алабының Жаңақұрылыс аймағына ауыз су құбырларын тарту жұмыстары толығымен аяқталып, абоненттеу қызметтері жүргізілуде. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Абай ауданы әкімі Бұқарбай Парманов айтты.

Жүзеге асқан жұмыстар мұнымен шектелмейді. Жеке меншіктегі электр жарығын пайдаланып отырған Асар-2 шағын ауданының тұрғындары 2024 жылдың 2 тоқсанына дейін толығымен мемлекеттің сапалы электр жарығымен қамтамасыз етіледі. Ал Қайнарбұлақ тұрғын алабында тұрғындардың 76 пайызына сапалы электр жарығын тарту бойынша жұмыс толық аяқталып, тұрғындарды жаңа жарық жүйесіне қосу жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда ауданда 23 елді мекен көгілдір отынмен қамтылып, көрсеткіш 82,5 пайызды құрап отыр. Жыл соңына дейін Нұршуақ шағын ауданының 493 абонентіне табиғи газ берілсе, 2024-2025 жылдары Ынтымақ-2, Қайнарбұлақ саяжайы, Қайнарбұлақ тұрғын алабы, Тәуелсіздікке 20 жыл елді мекенінің тұрғындарына табиғи газ құбырлары жүргізіледі. Кәріз жүйесіне ойыссақ, 27 елді мекеннің 7-еуі қамтылған. Биылғы жылы 5 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде Достық шағынауданының ішкі жүйелерінің құрылыс жұмыстары мен Бозарық шағынауданындағы 74 га жерге орналасқан көпқабатты тұрғын үйлер аумағына кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталды. Ұзындығы 7,3 шақырымды құрайтын «Шымсити-Төлеметов» колектор құрылысы мен ұзындығы 20,5 шақырымды құрайтын «Тұран-А-2» тас жолы колекторының құрылыс жұмыстары 2024 жылға өтпелі. Ал Асар-2 шағынауданында құрылыс жұмыстары басталып, қазіргі таңда, Сот шешіміне сәйкес тоқтатылған. 2025 жылы Жайлау, Қатын көпір, Тельман, Ақниет, Қызылжар, Жиделі, Батыс, Ынтымақ елді мекендерін орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу жұмыстарын бастау жоспарлануда. Нәтижесінде 2025 жылы Абай ауданында кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 18 пайыздан 55,5 пайызға дейін өспек.
Көшелерді жарықтандыру жұмыстары да қарқынды жүзеге асып келе жатыр. Бұл туралы «2022 жылға дейін Абай ауданындағы 160 көше жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 12,5 пайызға жеткен болатын. Көрсеткішті арттыру мақсатында биыл мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында аудандағы 33 көшеге жарықшам орнату жұмыстары жүргізілуде. Жыл қортындысымен қамту көрсетікші 15,1 пайызға жетеді. Сонымен бірге тұрғындар 17 көшеге өз есебінен жарықшамдар орнатып, жарық жүйесіне қосылды. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасын табады» деді Бұқарбай Парманов.
Абай ауданы аумағындағы көшелер саны – 1274. Олардың жалпы ұзындығы 1080,1 шақырымды құрайды. 2023 жылы 57 көшеге асфальт төсеу жоспарланған болса, қазіргі таңда 51 көшенің асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы аудан бойынша 57 шақырымды құрайтын топырақ жол бар. Ағымдағы жылдың бірінші кезеңінде 7 елді мекендегі 21 көшеге, 2-кезеңде 5 елді мекендегі 20 көшеге шағал тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, 2023 жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жалпы 23 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Қазіргі таңда Бозарық, Самал-3, Асар, Достық, Қызылжар, Тұрлан, Нұршуақ, Алтынтөбе, Қайнарбұлақ елді мекендерінде 10 балалар алаңшасы, 3 спорт алаңшасының құрылыс жұмыстары аяқталып, қолданысқа берілді. Сондай-ақ аталған жоба аясында Қайнарбұлақ, Ақжайық, Самал-3 елді мекендерінде орналасқан 5 көшеге ирригацияның құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жоғары сапалы интернетпен қамту жұмыстары да кемшін қалған емес. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Қолжетімді интернет» ұлттық пилоттық жобасы аясында мобильді интернет желісімен қамту үлесін жоғарылату үшін 2023 жылы 9 елді мекенге базалық станция орнату жұмыстары жүргізілсе, 2024 жылы 4 елді мекенге базалық станция орнату жоспарланған. Сонымен қатар аталған жоба аясында 2023 жылы Абай ауданына қарасты 6 елді мекенге талшықты оптикалық интернет желісін орнату бойынша жұмыстар жүргізілді. Талшықты оптикалық интернет желісін 2024 жылы 3 елді мекенге, 2025 жылы 6 елді мекенге жүргізу жоспарланып отыр.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында әкімдердің тұрғындармен кездесулер өткізіп, есеп беруі тиіс екені баршаға белгілі. Бұл тұрғыдан келгенде, аудан әкімінің тұрғындармен кездесуі жаңа форматта өтуде. Сандарға ойыссақ, Абай ауданының әкімі 2023 жылдың 10 айында 8 рет тұрғын алаптар мен шағынаудандарды аралап, халықпен кездесулер өткізді. Бүгінде есеп берудің жаңа әдісі өзінің қажеттілігі мен тиімділігін көрсетіп отыр. Жалпы кездесулерде аудан тұрғындарынан 205 ұсыныс-пікір түсті. Бүгінде 80 мәселе қаралып, шешімін тапса, 65 сұрақ бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ал 60 мәселені шешу 2023-2025 жылдардың жоспарына енгізілген.