ЕТ БАҒАСЫ ТӨМЕНДЕЙ МЕ?

министр өзекті сауалға екіұшты жауап берді

Жыл сайын күн күрт суығанда базардағы киіммен қатар, азық-түлік бағасының да шарықтап шыға келетіні белгілі. Әсіресе, ет бағасы құбыла кетеді. Биыл да бұл үрдіс жалғаса ма? Жалпы тиісті сала басшылары аталған түйткілді біле ме? Осы және өзге де сауалдардың әр оқырманның көкейінде сайрап тұрғаны белгілі.

Жуырда Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров аталған сауалға жауап берді. Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ет бағасы төмендеп жатқанын мәлім еткен болатын. Бұл деректі Ұлттық экономика министрі де растап отыр. Өз сөзінде «Ауыл шаруашылығы министрі айтқан деректер дұрыс, өйткені бізде жәрмеңкеден келетін өнімдер бар. Олардың бағасы төмен. Яғни түрлі аймақтарда өткізілетін жәрмеңкелерге тікелей жеткізеді. Атап айтқанда, сиыр етінің бағасы 2500, 3500 және 4500 теңгеге дейін, жылқы етінің бағасы да осылай әртүрлі. Жалпы баға негізінен әртүрлі деңгейде» деді деді ол.
Министр супермаркеттер мен базарлардағы өнімдердің бағасы да әртүрлі екенін алға тартты. Осы орайда, тілшілер министрден «Ет бағасы төмендей ме?» деп сұрады. Аталған сауалға «Жалпы төмендеуі мүмкін. Мал басы көбейсе, ұсыныс артып, ет арзандайды. Бірақ инфляция мен жем-шөп бағасының көтерілуіне байланысты мәселелер бар екенін ескеру керек» деп жауап берді Әлібек Қуантыров. Қорыта айтқанда екіұшты жауаптан-ақ министрдің ойы белгілі болып отыр. Яғни бағаның төмендеуіне ешкім кепілдік бермейді. Өйткені қымбатшылыққа себеп болатын факторлар көп және шешімін таппаған.