ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТЫҚ КЕСІРІНЕН 13 МЛРД ТЕҢГЕСІНЕН АЙЫРЫЛҒАН

Бүгінде әлеумет түрлі алаяқтардың алдауына түсіп, қалтасындағы қыруар қаржыдан айырылып қалып жатыр. Мұның өзі айлығы шайлығына жетпей жүрген кей отбасылар үшін ауқымды мәселеге айналып отыр. Жуырда ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығының орынбасары Рүстем Дүйсетаев Қазақстанда кең тараған интернет алаяқтық түрлерін айтып берді.

Ресми мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері азаматтарды интернет арқылы алдауға байланысты 15,5 мың қылмыс тіркелген. Бұл әрекеттердің салдарынан зардап шеккендерге 13 млрд теңге залал келген. Әлі де алаяқтардың ең көп таралған әдісі — онлайн сауда. Онымен байланысты 7 мың алаяқтық жасалды. Банктерде және микрокредиттік ұйымдарда жалған онлайн қарыз рәсімдеудің 1 600 фактісі тіркелген. Азаматтар ақшаны тез көбейту үшін, олардың күмәнділігіне қарамастан әртүрлі схемаларға қатысуды жалғастыруда. Бір жыл ішінде 1200 қазақстандық осындай схемалардың құрбаны болды. Олар өз ақшаларын жұмыс істемейтін инвестициялық жобаларға салған. Кей жағдайларда осы мақсаттар үшін несие алғандар бар.
Министрлік өкілінің айтуынша, алаяқтар ірі компаниялардың, соның ішінде ұлттық компаниялардың, банктердің, криптобиржалардың атынан жалған сайт құру арқылы азаматтарды қызықтырады. Бұл ретте «менеджерлермен» және «брокерлермен» барлық қарым-қатынас онлайн режимде, оның ішінде мессенджерлер арқылы өтеді. Кейбір жағдайларда алаяқтар үлкен соманы тарту үшін бір реттік дивиденд төлейді. Фишингтік сілтемелерді жіберу арқылы азаматтардың шоттарынан 1 мың ұрлық жасалған. Өз сөзінде «Банктер, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атынан жасалатын алаяқтық ерекше алаңдаушылық туғызады. Осы тәсілмен жыл басынан бері 3 мыңнан астам қылмыс жасалған. Алаяқтар шоттағы күдікті операциялар немесе несие рәсімдеу әрекеті туралы хабарлайды және банктің алаяқ қызметкерлерін ұстау бойынша арнайы операция жүргізіліп жатқанын айтады. Банк немесе полиция қызметкерлері ешқашан дербес деректерді сұрамайтынын және телефон арқылы арнайы операциялар жүргізбейтінін атап өткім келеді» деп түсіндірді Рүстем Дүйсетаев. Мұндай қылмыстардың көпшілігі шетелден жасалады, бұл олардың жолын кесу процесін қиындатады.

Ж. АРМАНОВА.