«БИЛІКТЕ ЖҮРГЕНДЕРДІҢ КӨБІНДЕ ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ СЕЗІНУ ТӨМЕН»

Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының мүшесі Нұралы Давлетяровпен арнайы сұхбат құрдық. Мәслихаттағы Құрылыс және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі Нұралы Әбдірахымұлы Президенттің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауы, жастар, әлеуметтік азық-түлік өнімінің бағасы мен құрылыс сапасы туралы мәселелер жөнінде ашық әңгіме өрбітті.

– Нұралы Әбдірахымұлы, Сіз Шымкент қаласы мәслихатына «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан сайландыңыз. Өткен айда «Ауыл» партиясы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауына қатысты үндеу жариялады. Осы жөнінде не айтасыз?

– «Ауыл» партиясы активінің жиынында қабылданған үндеуде мемлекет басшысының Жолдауын ұйым мүшелері толық қолдайтындарын алға тартып, құжаттағы басымдықтарды жүзеге асыру әрбіріміздің қастерлі міндетіміз екені баса айтылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйекте Парламенттің бірлескен отырысында халыққа жолдаған Жолдауындағы басым бағыттар барлық салаға оң көрсеткіш береді деп санаймын. Жолдауда әлеуметтің әл-ауқатын арттыруда зор рөл ойнайтын бастамалар, ақжолтай жаңалықтар айтылды. Атап айтқанда, жаңа қазба байлықтар көлемі арта түседі. Халықты көгілдір отынмен қамту жұмысы қарқын алады. Дарынды балалардың өз мүмкіндігін толық ашуына жағдай жасалады. Яғни, білім саласында түрлі тың бастамалар, креативті жобалар қолға алынбақ. Сонымен қатар, моноқалалар, аудандарда тұрғын үй құрылысы қарқын алады. Бұл халықтың ауылдан қалаға көшуін мейлінше азайта түседі деп сенемін. Осы ретте соңғы статистикалық деректер бойынша халқы 20 миллионға жуықтаған елімізде ауыл тұрғындарының саны 7,5 млн-нан сәл асатынын ескерсек, аудандарда тұрғын үй құрылысын дамыту туралы бастама дер кезінде көтерілген мәселе дер едім. Жалпы «Ауыл» партиясы Жолдауда отандық агроөнеркәсіп кешені мен су мәселесінің айтылуын үлкен қуанышпен қабылдады. Президент агроөнеркәсіп кешеніне арнайы тоқталып, аталған саладағы стратегиялық мақсат – Еуразиядағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу және оған қол жеткізу үшін өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшу қажет екенін баса айтты. Және алдағы үш жылда агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесінің көлемін 70 пайызға жеткізу жайында нақты тапсырма берді. Өздеріңізге белгілі Шымкент қаласында агро-индустриалды аймақ құру жұмыстары қолға алынған. Жолдаудағы Президенттің нақты тапсырмасы үшінші мегаполистегі өндіріс орнының кең қанат жаюына мүмкіндік сыйлайды.
Одан өзге Жолдауда суды үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, суды мол қажет ететін дақылдардан біртіндеп бас тарту, тозығы жеткен суару жүйелерін қалыпқа келтіру, көктемгі қызыл су мен күзгі жауын суын жинақтау мақсатында жаңа су қоймаларын салу, қолданыстағы тозған су қоймаларды жөндеуден өткізу және т.б. мәселелерді реттеу шегеленді.
Өз кезегінде Шымкентте 30 мың гектарға жуық егіс алқабы бар. Алқаптан дәнді дақылдар, майлы дақылдар, картоп, көкөніс және бақша өнімдері, мал азықтық өнімдер жиналып бітетін уақыт иек астында. Сәйкесінше көктемгі егіске дайындық жұмыстары басталды. Сол кезде межеленген міндеттерді өз деңгейінде орындауда Жолдауда айтылған басымдықтар бойынша тиісті жұмыстардың қолға алынуына біркісідей атсалысатын боламыз.

– «Ауыл» партиясының басты міндеті – ауылды аймақты өркендету екені белгілі. Бірақ бұл ұғым тек ауылдан әрі аспау керек дегенді білдірмейді. Яғни, ауқымы кең, мәні терең.

– Әлбетте. «Ауыл партиясы ауылды өркендетуді мақсат етеді. Бұл жер қала ғой. Неге сайлауға түсіп жатсыз?» деген сөздер жиі айтылады. Әсіресе науқан кезінде. Бірақ қараңызшы, тепе-теңдік деген дүние бар. Ауыл өркен жайса, қала көркейе түседі. Егер ауылда тірлік тұралап, халық сенделіп, бос жүргеннен әбден қажып, қалаға қарай көше берсе не болады? Сәл уақыттан соң қаланың да шырайы бұзылады. Қалай? Ең әуелі азық-түлік өнімі қат болады. Себебі оны егіп, күтіп, баптап өсіретін ауылда маза қашқан. Салдарынан импортқа тәуелділік арта түседі. Қазіргі геосаяси жағдай күн сайын құбылып тұр. Өнім бізге жүйелі жеткізіліп тұра ма әлде жоқ па? Бұл үлкен сұрақ болып қала береді. Екіншіден, қалалардың инфрақұрылымы көп нөпірге шыдас бере алады ма деген мәселе күн тәртібіне түседі. Осылай шынжырланып кете беретін көп мәселе туындайды. Қала мен ауылды бөліп, жару қате. Екеуі тығыз байланысты. Қала әлеуетті болуы үшін ауылда қауқар болуы керек. Оны қамтамасыз ету, бір бірімен сабақтастыра отырып жұмыс істеу үшін бірігіп, бірлесіп жұмыс істеу керек.

– Азық-түлік демекші қазіргі таңда партия өңірлердегі филиалдарымен бірге әлеуметтік маңыздағы азық-түлік бағасын қадағалауды қолға алып жатыр. Осы бағытта Шымкентте қандай жұмыстар атқарылуда?

– Біздің партия әлеуметтік маңызы бар азық -түлік тауарларының бағасын үнемі қадағалайды. Соңғы рет, яғни, қыркүйекте жасалған талдау, қадағалау шарасы тамыз айындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық Статистика Бюросының деректерімен негізделді. Жыл басынан бері дәстүрлі түрде көкөністер бағасы өсе түсті. Соның ішінде ақ қырыққабат, сәбіз және пияз бағасының өсуі 100 пайыздан асты. Күріштің құны да қымбаттады. Қарақұмық жармасы 34,5, күнбағыс майы 14,1, құмшекер 10,2 пайызға көтерілді. Қорыта айтқанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері өткен жылдың тамыз айымен салыстырғанда 6,2 пайызға қымбаттады.
Ал Шымкент қаласы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін «ГраМад», «Магнум» супермаркеттер желілерімен, жергілікті тауар өндірушілермен келісімдер жасалған. Соған сәйкес «ГраМад» сауда желісінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар белгіленген бағада сатылуда. Айта кетейік, аталған сауда желісінің қалада 24 бөлімшесі бар. Ал «Магнум» сауда желісінің 31 нүктесі бар. Соған сәйкес «ГраМад» супермаркеттерінде нан бағасы – 90 теңге, шекер – 409 теңге, ас тұзы 48 теңге, ұнның бір келісі 165 теңге деп белгіленген.
Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бірінші қажетті азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты бақылауда екенін айтуда. Және азық-түлік қоры жеткілікті екенін алға тартты. Жергілікті кәсіпкерлермен 1 жылға келісім шарт түзіліп, оларға айналым қарыз қаражаты берілген. Сонымен қатар тиісті мекеме азық-түлік бағасына алаңдауға еш негіз жоқ екенін айтуда.

– Бұдан бөлек, партия қандай басымдықтарға мән беруде?

– Қазақта «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын?!» деген тәмсіл бар. Біз жастарға жан-жақты қолдауды тоқтатпауымыз керек. Жастар рухани бай, креативті ойлардың иесі, бастамашыл, көшбасшы болуы үшін сапалы білім беру жеткіліксіз. Олардың ойын сергітіп, қанаты талмайтындай шабыт сыйлайтын шаралар ұйымдастыруымыз керек. Таяуда «Ауыл» партиясы жастар қанатының дәстүрлі V- форумы өтті. Форумға келген делегаттарға аталған саяси ұйымның Мәжілістегі фракциясы шараның екінші күні барысында Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне экскурсия жасатты. Еліміздің әр түпкірінен келген партияның жас делегаттарын Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі А. Баққожаев үлкен құрметпен күтіп, мәжіліс ғимаратымен таныстырды. Форум делегаттары бірінші мәжіліс музейінде болып, ондағы экспонаттарды тамашалады. Тарихымен танысты. Содан соң Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өтетін залға барып халық қалаулыларының атқаратын қызметі жайлы мол мағлұмат алды. Содан соң делегация мәжіліс кітапханасын аралады. Кітап қорымен танысты. Бұл шара жастардың тұлғалық қасиетін қалыптастырады деп білемін. Оларды жаңа қадам жасауға, игі басамаларға ұмтылуға серпін береді.
Жастар – үлкен күш. Шымкент миллионнан аса тұрғыны бар мегаполис. Қала тұрғындарының төрттен бір бөлігі жастар. Соңғы деректер бойынша қалада 264 мыңнан аса жас тіркелген. Оларға қолдау көрсету үшін түрлі жобалар, іс-шаралар қолға алынуда. Соның ішінде ерекше айта кетерлігі бизнес жобасын бастауға және кәсіпкерлік ісін кеңейтуді ниет еткен жастарға қайтарымсыз грант беру, жеңілдетілген несие берудің тиімділігі өте зор екенін айта кеткен жөн.

– Сіз мүшелік ететін «Ауыл» партиясы 300 мыңнан асатын мүшесі бар іргелі ұйым. «Әділетті Қазақстан», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруда саяси ұйым қандай тың бастамаларды қолға алды?

– Жоғарыдан бөлек, сыбайлас жемқорлықпен күрес, ауылдың әлеуетін арттыруда сапалы біліммен сусындалған мамандар дайындау, адам құқығы тапталмайтын қайырымды ортаны қалыптастыру тағысын тағы. Біз күшімізбен бірлігімізді игі бастамалардың жүзгеге асуына жұмылдыра білуіміз қажет. Соның жарқын мысалы ретінде партия жанынан байланыс орталығы іске қосылды. Бұл партияның өз сайлаушыларымен байланысын нығайта түсу үшін жасалған игі қадам. Сайлаушылар байланыс орталығына 2510 қысқа нөмірін теру арқылы түседі. Байланыс орталығына сайлаушылар өздерін толғандырған кез келген мәселені айтып, сапалы кеңеске қол жеткізеді. Бұл үшін ешқандай ақы алынбайды. Яғни, қызмет көрсету тегін. Орталықтың жұмыс уақыты дүйсенбі мен жұма аралығы, сағат: 9:00-18:00 аралығын қамтиды.

– Нұралы Әбдірахымұлы, Сіз Шымкент қаласы мәслихатында Құрылыс және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тұрақты комиссия құрамындасыз. Жоғары оқу орнын да құрылыс мамандығы бойынша бітіргенсіз. Яғни, Шымкент қаласындағы әрбір құрылыс жұмыстары туралы алып-қосар ойыңыз, ұсыныс пікіріңіз бар деп білемін. Жалпы, Шымкент қаласындағы тұрғын үйлердің сапасы жөнінде пікіріңізді білсек…

– Жуырда Шымкенттегі көпқабатты үйлер жер сілкінісіне шыдас бере алады ма деген мәселе көтерілді. Сонымен қатар сапасына қатысты да өзекті проблемалар ашық айтылды. Шыны керек, пайдалануға берілгеніне көп бола қоймаса да сапасы сыр беріп жатқан нысандар көбейді. Әсіресе көктемгі және күзгі жауын кезінде құрылыс кезінде жіберген қателіктердің бәрі су бетіне қалқып шығады. Мұндай жағдаймен күресу үшін бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр.
Атап айтқанда, тұрғын үй құрылысы бойынша тапсырыс беруші мен мердігер мекеме арасындағы келісім шарт талаптары қатаңдатылды. Соның негізінде әр нысанға бекітілген техникалық қадағалаушы санын 3 есеге арттыру, құрылыс барысын тәулік бойы онлайн түрде бақылау, құрылыс-монтаж кезеңінде терезе айналасына қосымша изоляциялық пленка жабыстыру көзделіп отыр. Одан өзге қабырғаларды газоблок орнына күйдірілген кірпішпен қалау тәртібі міндеттелмек.

– Біздің қоғамға не жетпейді?

– Бұл бір сөйлеммен қайыра салатын жауап емес. Бірақ өзімді білгір санап, артық айтып, кең көсілгім келмейді. Өзім күнделікті бетпе бет келіп жатқан жәйтті айтсам. Қазір көп адамда жауапкершілік өте аз. Жауапкершілікті сезіне алу жағы кемшін. Міне қазір тұрғын үй құрылысының сапасы туралы айтып отырмыз. Егер құрылысты жүргізетін азаматтар жауапкершілік жүгін дұрыс арқалай білсе ешқандай мін байқалып, сын айтылмас еді. Тек құрылыс емес, барлық салада осы қасиеттің аздығынан біраз кемшіліктер орын алып, келеңсіз жағдайлар болуда. Біз осы мәселеге көп мән беріп, тиісті шараларды қолға алу қажетпіз. Себебі, жауапкершілікті сезінген адамдардан құралған қоғамның жетер жетістігі көп болады.

Сұхбаттасқан, С.Ибрагимова.