ӨНЕГЕЛІ ӨМІР ИЕСІ ТУРАСЫНДА БІРЕР СӨЗ…

Елімізде еңбек адамының абыройы асқақ, беделі биік болуы тиіс. Өйткені саналы ғұмырын белгілі бір саланың дамуына арнаған азаматтардың арқасында қоғам ілгерілеп, ел дамиды. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласында ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген мамандар аз емес. Жасыратыны жоқ, өмірін ұстаздыққа арнап, шәкірттеріне жан шуағы мен жүрек жылуын төгіп жүретін жандар аз емес. Солардың бірі де бірегейі — Райхан Мұртазақызы Каланова.

Бүгінде 68 жасқа толып отырған ардақты жан еңбек жолын сонау 1975 жылы «Айгөлек» хореографиялық балалар ансамблінің жетекшісі ретінде бастаған. Содан бері 48 жыл бойы осы ансамблде үздіксіз еңбек етіп келеді. Райхан Мұртазақызының жетекшілігімен ансамбль «Ленин комсомолы» сыйлығының лауреаты, Түркияда, Кипрде, Болгарияда, Испанияда, Италияда, Германияда, Украинада өткен халықаралық фестивальдердің қатысушысы және лауреаты атанды. Ансамбль жыл сайын режиссерлік топтың шақыруымен Астана, Алматы қалаларында өткізілетін республикалық мерекелік бағдарламаларда өнер көрсетеді.
Райхан Каланова негізгі жұмысынан басқа қоғамдық қызметпен де айналысты. Мәселен, 1981-1984 жылдары оқушылар сарайындағы комсомол ұйымының хатшысы болса, 1989-1994 жылдары Шымкент қалалық Кеңесінің депутаты ретінде қызмет етті. Ал 2002 жылы Астана қаласында өткен республикалық әйелдер форумының делегаты болды. Райхан Мұртазақызының жетекшілігімен «Айгөлек» ансамблі бірнеше рет бүкілодақтық пионерлер слеті мен «Артек» фестиваліне қатысып, қазақ мәдениетін әлемге таныстырды.
Кейіпкеріміз «Айгөлек» халықтық балалар ансамблінің жетекшісі ретінде Оңтүстік Қазақстан облысы мен Шымкент қаласы әкімінің Құрмет грамоталарымен, алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталған. Республикалық ауқымда қазақ өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Жылдың үздік хореографы» дипломымен, «Астана» мерейтойлық медалімен, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағына лайық деп танылған.
Райхан Мұртазақызы жетекшілік ететін ансамбль жыл сайын халықаралық фестиваль-конкурстарға қатысады және дипломант, лауреат атанып жүр. Көпке ұзамай-ақ «Айгөлек» ансамблінің соңғы 10 жылдағы жетістіктерін айтар болсақ, 2013 жылы Солтүстік Ирландия мен Ұлыбританиядағы, 2014 жылы Польшадағы, 2015 жылы Финляндиядағы халықаралық фестивалдердің лауреаты атанған. Оған қоса, 2016 жылы Испаниядағы «Мusica del mar» халықаралық фестиваль-байқауында, 2017 жылы Минск қаласындағы «Зорная кветки» халықаралық байқауында және 2022 жылы Түркияның Кемер қаласындағы «Күн үйі» халықаралық байқауында, биыл Италиядағы «Парадиз Холидей» халықаралық байқауында және Литвада өткен «Паланга-2023» халықаралық байқауында Гран-при иегері атанды. «Айгөлек» ансамблі мұнан өзге де көптеген фестивалдер мен байқауларда жеңімпаз және жүлдегер атанып жүр. Осынау жетістіктердің барлығы Райхан Мұртазақызының жарты ғасырға жуық уақыттан бері жалғасып келе жатқан тынымсыз ізденісі мен табанды еңбегінің жемісі екені сөзсіз.