КӘСІПОДАҚ – ҚАРАПАЙЫМ ЖҰМЫСШЫНЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУШЫ ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМ
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығының алаңында Шымкент қаласы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов, «Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев және Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының сот-медиаторы Еркін Отарбаевтың қатысуымен еңбек дауларын шешу тәртібі бойынша баспасөз конференциясы өтті.
Ендеше жиында қозғалған мәселелерге ойысайық. Бауыржан Әлтеевтің айтуынша, кәсіподақ – еңбек ұжымдарындағы сан түрлі қызметті ұйымдастырушы, қарапайым жұмысшылардың мүддесін қорғаушы қоғамдық ұйым. Еңбек адамдарының арасында жүріп, олардың мұң-мұқтаждарын жедел шешуге атсалысатын да кәсіподақ. Еңбек қатынастарын реттеу кезінде кәсіподақтардың рөлі мен қызметі айрықша. Кәсіподақ ұйымының негізгі міндеті – жұмыскерлердің еңбек және әлеуметтік құқығын қорғауға, еңбек қауіпсіздігінің сақталуына жұмыс істейді. Ұжымда еңбек заңдылығы бұзылып жатса, мәселені ушықтырмай, оны жұмыс берушімен реттеуге, жазатайым оқиға болған жағдайда еңбек адамына қолұшын беріп, көмектесуге кәсіподақ келеді.
«Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев өз сөзінде «Ең алдымен еңбек дауы дегеніміз не екеніне тоқталып өтейін. Еңбек дауы – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, келісімдердің, еңбек не ұжымдық шарттардың, жұмыс беруші актілерінің талаптарын орындау немесе өзгерту мәселелері бойынша жұмыскерлер мен жұмыс берушілер арасындағы келіспеушіліктер. Еңбек дауларын туғызатын жағдайлар әртүрлі. Еңбек дауының ұжымдық және жеке сияқты, талап қоятын және талап қоймайтын түрлері бар. Жеке еңбек дауы — қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы еңбек туралы зандарды қолдану мәселелері жөніндегі, жұмыс беруші мен арасында бұрын реттелмеген жеке еңбек, ұжымдық шарттардың талаптарын орындау туралы келіспеушіліктер. Соңғы кездері ұжымдық еңбек даулары елімізде әлеуметтік шиеленіс ошағына айналуда. Ал әлеуметтік шиеленіс қоғамдық-саяси тұрақтылыққа кері әсер ететіні сөзсіз. Ұжымдық еңбек дауларына көбіне жұмыскерлердің алып отырған жалақысына қанағаттанбауы және оның уақытылы төленбеуі, тиісті еңбек жағдайларының жасалмауы, еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы себеп. Бүгінде кәсіподақтардың араласуымен және түсіндірме жұмысын жүргізудің нәтижесінде аталған еңбек даулары уақтылы шешімін табуда. Осы ретте ұжымдық еңбек даулары, оларды шешу жолдары жөнінде қолданыстағы еңбек заңнамасына сәйкес түсіндірме бере кетейін. Ұжымдық еңбек дауы жұмыскерлердің талаптары туралы жұмыс берушіні жазбаша хабардар еткен күннен бастап туындаған деп есептеледі» деп атап өтті.
Оның айтуынша, еңбек даулары тараптардың келісімі бойынша немесе сот тәртібімен қаралады. Тараптардың келісімі бойынша еңбек даулары жоғары органдарда қаралуы мүмкін. Егер комиссияның шешімі қызметкердің талаптарын қанағаттандырмаса, онда еңбек дауы coт тәртібімен қаралады. Еңбек дауы жөніндегі келістіру комиссиясының шешімін қайта қарау өкілеттігі сотқа берілмеген. Ұжымның талаптары жазбаша түрде баяндалып, жұмыс берушіге жіберіледі. Еңбек ұжымының мүдделерін кәсіподақтар қорғайды. Еңбек дауларын тараптардың келісімі бойынша немесе сот тәртібімен қарайтын белгіленген тәртібі болады. Еңбек дауларын қарайтын органдар — келістіру комиссиясы және сот.
Бүгінде «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігіне 2023 жылдың 8 айында 3 мекемеде жалақы мәселесі бойынша еңбек дауы тіркелді. Бұл мекемелер — «ТТК», «Радуга» және «Т-Бас» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Аталған үш мекемедегі дау Келісім комиссиясын құру арқылы шешілді. Өз сөзінде «Еңбек дауларын тарқатып айтсам, 1 сәуірде аталған жолаушылар тасымалдау компаниясының жүргізушілерінен жалақы көтеру бойынша ресми арыз түсті. Оған басты себеп — Шымкент қаласы әкімдігінің Жолаушылар көлігі басқармасының шешімімен 1 наурыздан бастап, электронды билетке көшуге байланысты қаладағы қоғамдық көліктерде кондукторлар қысқартылды. Кондукторлар негізінен жүргізушінің отбасы мүшесі еді. Отбасында табыс көзі азайды. Жалақы мөлшері 225 мың теңгені құраған. Осыған байланысты, 744 жүргізушіден жалақы 400 мың тенге көтерілмесе 5 сәуірден бастап ереуілге шығып, жұмысты тоқтату жөнінде ескерту хабарлама түсті. Олар өз кезегінде көлік компания басшылары әкімдікке, прокуротураға, полиция департаментінде ескерткен. Хабар тиісімен АКБ ұсынысы бойынша 3 сәуірде аталған жолаушы тасымалдау компаниялар бойынша Келісім комиссиясы құрылып, еңбек дауының алдын алу мақсатында әрқайсымен жеке екі реттен жиналыс өткізілді. Өзім бас болып, Салалық кәсіподақ төрағасымен бірлесіп, жергілікті басқару органдарымен қала әкіміне кіріп, мәселені шешу бойынша атсалыстым. Нәтижесінде қоғамдық көлік жүргізушілерінің талап-арызы қала бюджетінен қала әкімдігінің 23.12.2022ж №2580 қаулысы негізінде осы салаға бөлінген қаражат субсидия есебінен төленіп, жалақы 375 000 болып, сәуір айынан бастап көтерілді. Сонымен қатар 04.05.2023 ж. кешке жұмыс уақыты аяқталуына сәйкес, «Еңбек елшісі» тобының бірнеше өкілдерімен барлық жүргізушілермен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ереуілге шығу тоқтатылды. Мәселе оң шешілуіне байланысты тасымалдаушы компанияларда ахуал тұрақталды. Қаладағы қоғамдық көліктер тоқтамай, бекітілген кестеге сай жұмыстарын жалғастырды» деді Бауыржан Әлтеев.
Ал қалған 5 мекеме кәсіподақ құрамына кірмейді. Ол мекемелерде «Еңбек консультациялары» акциясы аясында мәселе шешілген. Олар — «Шымкент Рем Сервис» ЖШС, «Рахат-Шымкент» ЖШС, «Корпорация Береке А» ЖШС, «Оңтүстік құрылыс сервис» ЖШС, «Автокомбинат 4» ЖШС. Сондай-ақ Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығында «Заң клиникасы» жұмыс істейді. Ағымдағы 2023 жылдың 8 айында «Заң клиникасында» 49 кәсіподақ мүшесіне тегін консультациялық көмек берілген. Кәсіподақтар орталығы еңбек даулары бар мекемелердегі ағымдағы жағдайды тұрақтандыру, сондай-ақ басқа кәсіпорындардағы әлеуметтік шиеленіс мүмкіндігін анықтау бойынша тұрақты түрде шаралар қабылдауда.
Қала әкімдігі, жұмыс берушілер конфедерациясы және Кәсіподақтар орталығы арасындағы әлеуметтік әріптестік шеңберінде жасалған келісімге сәйкес, өңірлік үшжақты комиссияның отырыстарында еңбек дауларын шешу мәселелері қаралады. 2023 жылы осы комиссияның 4 отырысы өтті. Кәсіподақтар бірлестігімен осы отырыстардың күн тәртібіне еңбек даулары, жалақы қарыздары және жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін көздейтін мәселелер көтеріледі. Бас келісім талаптарына сай, кәсіподақтар бірлестігі өңірлік үшжақты комиссияда әкімдік және жұмыс берушілер өкілдерімен тең төрағалық етеді. 2023 жылдың 8 айында Кәсіподақтар Федерациясы және «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі тарапынан еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, кәсіподақ көшбасшылығы, татуластыру комиссиясы тақырыптары бойынша 5 семинар тренинг өткізілді, оған 250 астам кәсіподақ мүшесі қатысып, білімін жетілдірді. Сонымен бірге «Қалың қалай бастауыш ұйым?» акциясы аясында 60 мекемеде еңбек ұжымдарына еңбек қауіпсіздігі бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. «Қауіпсіз еңбек жылы» аясында Мемлекеттік Еңбек инспекциясы мамандарымен 25 мекемеде семинар тренинг өткізілгенін де айта кету керек.