АЛДАҒЫ 5 ЖЫЛДА МҰНАЙ БАҒАСЫ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРЕДІ?
Ұлттық экономика министрлігі оптимистік және пессимистік сценарий бойынша алдағы 5 жылға даму болжамын жариялады. Министрлік ұсынып отырған оптимистік сценарийде мұнай бағасы барреліне 90 доллар болады делінген. Мұндай жағдайда жалпі ішкі өнімнің орташа жылдық өсуі 6,6% болып, тауарлар өндірісі орта есеппен 5,7%, көрсетілетін қызметтер өндірісі 7% артатыны болжанған.
Сондай-ақ қазақстандық экспорттың аясы кеңейіп, оның ішінде тауарлар экспортының көлемі 2024 жылы 89,3 млрд доллар, 2028 жылы 102,3 млрд доллар болмақ. «Импорт көлемі 2024 жылы 62 млрд долларға, 2028 жылы 69,1 млрд долларға дейін жетеді. Мұндай өсім республикалық бюджет кірісінің ұлғаюына ықпал етеді. 2024 жылы бюджет кірісі 16 трлн 455,1 млрд теңге, 2026 жылы 18 трлн 847,7 млрд теңге көлемінде түседі деп болжанып отыр» делінген жоспарда.
Ал пессимистік сценарий кезінде мұнай бағасы барреліне 60 АҚШ доллар көлемінде болады. Экономиканың орташа жылдық өсуі 3,7%, тауарлар мен көрсетілетін қызметтер өндірісі тиісінше 3 және 3,5% деңгейінде ғана қалады. «Әлемдік сұраныстың азаюы және тауар нарықтарындағы бағаның төмендеуі қазақстандық экспортқа кері әсерін тигізеді. Тауарлар экспорты 2024 жылы 70,6 млрд долларға, 2028 жылы 79,1 млрд долларға ұлғаяды. Импорт көлемі 2024 жылы 45,2 млрд доллар, 2028 жылы 61,6 млрд доллар деңгейінде болады күтіліп отыр. Экономиканың бұлайша баяулауынан бюджет кірісі азайып, 2024 жылы 14 986,7 млрд теңге, 2026 жылы 17 379,3 млрд теңге болады» деп жазады министрлік мамандары. Базалық сценарий бойынша мұнайдың әлемдік бағасы барреліне 80 доллар шамасында болып, бюджет кірісі 2024 жылы 16 трлн 124 млрд теңге, 2026 жылы 18 трлн 404,5 млрд теңгеге дейін артуы тиіс. Жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны 10,7% деңгейінде болмақ.