ҚАРТ ҚҰРЛЫҚТА ҚАЗАҚТЫҢ ҚАУЫНЫ МЕН ҚАРБЫЗЫНА СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ
Мемлекеттік кірістер комитеті бақша дақылдары — қарбыз бен қауын туралы қызықты деректермен бөлісті. Биылғы 7 айда Қазақстан салмағы 43,5 мың тонна болатын қарбыз бен қауын импорттаған. Оның ішінде Өзбекстаннан — 34 мың тонна, Ираннан — 3,1 мың тонна, Тәжікстаннан 421,5 тонна сатып алынған.
«Салмағы 2,9 мың тонна, құны 959,6 мың доллар болатын бақша өнімдері экспортталды. Оның ішінде Моңғолияға — 940,8 тонна немесе 59,6 мың долларға, Латвияға — 574,2 тонна немесе 218,3 мың долларға, Украинаға — 716 тонна немесе 467,6 мың долларға, Германияға — 252,3 тонна немесе 125,5 мың долларға, Польшаға — 271,3 тонна немесе 56,1 мың долларға, Эстонияға 115,2 тонна немесе 16,4 мың долларға сатылды. 2022 жылдың 7 айымен салыстырғанда экспорт 1,8 мың тоннаға өскені байқалады» деп жазды ведомстводан.
Жалпы, 2021-2022 жылдары Қазақстанға шет елдерден құны 23 257,53 мың доллар, салмағы 97,5 мың тонна қарбыз бен қауын әкелінген. Соңғы екі жылда негізгі жеткізуші елдер қатарына Өзбекстан, Иран, Тәжікстан кіріп отыр. «Сондай-ақ қарбыз бен қауын Бразилия, Коста-Рика, Түрікменстан, Қытай, Ауғанстан, Пәкістан, Таиланд, Испания, Нидерланды сияқты елдерден әкелінеді. Айта кетерлігі, біздің қазақстандық қарбыздар мен қауындар ТМД елдерінің нарығында бұрыннан танымал болғанымен, Еуропаға да белсенді экспортталады. Мәселен, 2021-2022 жылдары Қазақстаннан барлығы 7,2 мың тонна немесе 2,2 млн АҚШ долларына қарбыз мен қауын экспортталды» делінген ақпаратта.
Экспорттың негізгі бөлігін қауындар құрайды. Екі жыл ішінде Латвияға — 2,6 мың тонна, Украинаға — 2,2 мың тонна, Германияға — 741,2 тонна, Польшаға — 114,6 тонна экспортталды. Одан бөлек, Әзербайжан, Молдова, Өзбекстан, Моңғолия, Эстония сияқты елдерге де қазақстандық қауын жеткізілді.