БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛІП ОТЫР
Түркістан облысында жаңадан 91 балық шаруашылығын ашу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде қосымша жұмыс орындары ашылып, экспортқа шығару мүмкіндігі артады. Инвестициялық субсидия және жеңілдетілген несие тұрақты түрде берілген жағдайда тауарлы балық өндіру көлемі 30 мың тоннадан аспақ.
Осы аптада Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен облыстағы балық шаруашылығы саласын дамыту бойынша жиналыс өтті. Онда облыс басшысы бұл бағытта жұмысты ширатып, экспорттық әлеуетті көтеруге басымдық беруді тапсырды. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны бар. Бұдан бөлек, 4 халықаралық маңызы бар, 4 республикалық маңызы бар кәсіпшілік мақсаттағы учаскелер бекітілген. Бүгінде тауарлы балық өсірумен 156 кәсіпкерлік мекеме айналысуда. Облыс тұрғындарын балық өнімдерімен толық қамтамасыз ету мақсатында 30 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде 4-еуі үйіргелік аулада ашылды. Сонымен қатар жалпы қуаттылығы жылына 15 мың тоннаны құрайтын 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиевтің баяндауынша, облыста 2022 жылы 6200 тоннаға жуық тауарлы балық өндірілсе, биылғы жоспар – 6640 тонна. Саланы дамытуға биыл жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлінді. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға республикалық бюджеттен 226 млн теңге қарастырылған. Жиналыста сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының аудан, қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын ретке келтіру бойынша тапсырмасының орындалу барысы баяндалды. Облыста 159 қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон бар, олардың басым бөлігі санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Осыған орай, қоқыс алаңдарын салу бойынша іс-шара жоспары бекітілген. Облыс басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Әр ауданның тазалығына әкімдердің тікелей жауапты екенін қадап айтқан облыс әкімі әр саналы азаматтың өзі тұратын аумақтың таза болуы үшін үлес қосуы керектігіне тоқталды.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, сұрыптау мәселесімен облыста небәрі 4 мекеме айналысады. Бей-берекет қоқыс орындарына жүргілген ғарыштық түсірілім облыста өткен жылы 408 заңсыз қоқыс орны анықталып, толық тазаланды. Биыл 358 нүкте анықталып, жартысынан астамы тазаланды. Жұмыстар жалғасады.