«ЖАСТАР ТӘЖІРИБЕСІНІҢ» БЕРЕР МҮМКІНДІГІ МОЛ

Бүгінде жастардың жан-жақты дамуына барлық жағдайлар жасалып келеді. Әсіресе, жұмыспен қамту шаралары қарқынды жүруде. Оның ішінде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі және өзге де түрлі бастамалар бар. Солардың бірі – «Жастар тәжірибесі» жобасы. Бастама жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекет субсидиялайтын қолдау шараларын қамтиды.

Бүгінде Шымкент қаласында аталған бағдарлама арқылы жұмысқа орналасып жатқан жандар жетерлік. Солардың бірі — Аружан Аманжолова. Ол 2022 жылдың шілде айында Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Залалсыздандыру орталығына» жұмысқа орналасқан. Бағдарламаның берер игілігі турасында «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша өзімнің білім алған мамандығыммен жұмысқа орналастым. Кәсіби қабілеттерімді дамытып, әріптестерімнің қолдауымен жаңа дағдылар қалыптастырудамын. Бағдарлама мен сияқты жастардың жұмысқа орналасып, маман ретінде дамуына үлкен мүмкіндік» дейді Аружан Талғатбекқызы.
Тағы бір жоба қатысушысы Аида Абдираймбек биыл Шымкент қалалық №2 перзентханаға акушер мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша өзімнің білім алған мамандығыммен жұмысқа орналасып, қазірде кәсіби қабілеттерімді дамытудамын. Бағдарлама оқуын жаңа аяқтаған жастардың жұмысқа орналасып, маман ретінде қалыптасуына жақсы мүмкіндік» дейді Аида Асанқызы. Айта өтейік, «Жастар тәжірибесі» жобасының негізгі мақсаты – 35 жастан аспаған жастарды, оның ішінде иеленген мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамту. Егер де сіз жоғарғы оқу орнын жаңа бітірген түлек болсаңыз немесе мамандығыңыз бойынша диплом алғаныңызға 5 жылдан аспаған болса, онда сіздерді Еңбек мобильділігі орталығы «Жастар тәжірбиесі» бағдарламасы бойынша еңбек жолыңыздағы бастапқы қадамды жасауға шақырады.