5 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ СУБСИДИЯЛАНАТЫН ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫНА ОРНАЛАСТЫ

Шымкент қаласында жұмыс берушілер қала тұрғындарын «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және «Күміс жас» жобалары шеңберінде субсидияланатын жұмыс орындарына, әлеуметтік және қоғамдық жұмыстарға қабылдайды.

Жұмысшылардың еңбекақысы бағдарлама талаптарына қарай мемлекет есебінен толығымен немесе ішінара төленеді. Қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы жыл басынан бері 5 мыңнан астам адам дәл осы тәртіппен жұмысқа орналасқан. Жалпы жыл соңына дейін тағы 500-ден астам адамды субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру жоспарлануда. Жұмыссыз азаматтар тұрғылықты мекен-жайлары бойынша халықты жұмыспен қамту бөлімдеріне жүгіне алады. Мамандар тиісті талаптар негізінде келісім-шарт түзілген мекемелердегі бос жұмыс орындарына жолдама береді.
Умида Олжаназарова – мемлекеттік қолдаудың шарапатын көріп жатқан азаматтардың бірі. Жұмыссыз ретінде тіркелген жас маман сәуір айында «B.A.E.R» тоқыма фабрикасындағы субсидияланатын жұмыс орнына «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы бойынша орналасқан. Жалақысы 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Умида өз тарапынан тәжірибе жинайтынына қуанып, мемлекеттік қолдауға алғысын білдіруде. Жалпы субсидияланатын жұмыс орындары бойынша биыл 6000-нан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Жұмыссыз азаматтар тұрғылықты мекен-жайлары бойынша халықты жұмыспен қамту бөлімдеріне жүгіне алады. Сала мамандары халықты жұмыспен қамту аясында келісім-шарт түзілген мекемелердегі бос жұмыс орындарына жолдама береді.
Айта кету керек, 1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодекстің күшіне енуіне орай, Қазақстанда жұмыспен қамту орталықтары жойылады. Олардың орнына облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда Еңбек мобильдігі орталықтары құрылады. Мұндай орталықтардың филиалы Мансап орталығы деген атаумен жұмыс істейді. Еңбек мобильдігі орталықтары «Халықты жұмыспен қамту туралы» ҚР заңы негізінде жұмыс істейді. «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас», «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларын жүзеге асырады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда қазақстанда 207 жұмыспен қамту орталығы бар.