СУҒА ШОМЫЛУ МАУСЫМЫ: ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
Шомылу маусымының басталғанына біршама уақыт болды. Осы орайда, жас балалардың суға шомыла білмеуінен, адамдардың судағы қауіпсіздік ережелері мен шараларын орындамауынан орны толмас қайғы мен өкініш болып жататыны жасырын емес. Сондықтан тиісті сала мамандары ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді бастап та кеткен. Шымкентте осындай маңызды шараларға жастар да белсенді араласуда. Тарқатайық…
Еңбекші ауданының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Еңбекші ауданы ТЖБ инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Асқар Рысбекұлы мен ерікті жастар қатысып, Тоғыс елді мекенінде орналасқан демалыс аймақтарында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Мақсаты — төтенше жағдайларда болуы ықтимал апат оқиғалары кезінде алғашқы көмек көрсете білудің қарапайым жолдарын үйрету және алдын алу.
Шара барысында қауіпсіздік ережелерін таныстырған ТЖБ инженері Асқар Рысбекұлы «Жазғы маусымда ең қауіпті кезеңдерінің бірі — суға шомылу. Шомылуға рұқсат етілмеген жерлер мен қауіпсіздік шараларын дұрыс ұстанбау нәтижесінің соңы қайғылы жағдайларға соқтырады. Сіздерді барлық қауіпсіздік ережелерін ұстауға шақырамыз» деді. Осы орайда, барша оқырмандарды талаптарды қатаң сақтауға шақырамыз!