«БЕЙБІТШІЛІК ЖӘНЕ КЕЛІСІМ» ЖОБАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Соңғы уақытта әлемдік геосаяси оқиғалар аса қатты ушықты. Мұның өзі елдің ішіндегі бірлік пен ынтымақтың қаншалықты маңызды екенін қоғамға көрсетті. Бұл тұрғыдан келгенде, еліміздің ауыз толтырып айтар жетістіктері бар. Мәселен, ондаған ұлт пен ұлыс тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан Шымкентте елдің бірлігін насихаттайтын түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Бүгінгі материалымызда солардың бірі турасында тарқата жазуды жөн санап отырмыз.

Шымкент қаласында этносаралық келісімді сақтау мен нығайту, этноәлеуметтік қақтығыстардың алдын алу бойынша Еңбекші ауданының №105 жалпы орта мектебінде «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында тұрғындарды қабылдау өтті. Жобаның мақсаты – этноәлеуметтік қақтығыстардың алдын алу шараларын әзірлеу, негізгі бағыттар бойынша өңірлердің проблемаларын анықтау, нақтылау және оларды шешу. Әртүрлі сала мамандары мен құқық қорғау органдарынан жасақталған топтар тұрғындар арасында 7 бағыт, атап айтқанда, «Этносаралық келісім», «Әлеуметтік және еңбек проблемаларын шешу», «Халықтың денсаулығы», «Халыққа білім беру», «Бизнес ортаны дамыту», «Конфессияаралық келісім», «Заңдылық, тәртіп және қауіпсіздік» бойынша қабылдаулар жүргізді.
Жоба аясында азаматтарды қабылдап, олардың өтініштерін тыңдап, шешу жолдарын тиісті мемлекеттік органдармен бірге қарастыратын болады. Қабылдауға келген 42 азаматтың басым көпшілігі әлеуметтік көмек, жұмыспен қамту, жер, жол, инфрақұрылым мәселелері бойынша талап тілектерін жеткізді. Сонымен қатар қабылдауға келген азаматтарға әртүрлі сала мамандары жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жұмыс күші тапшы өңірлерге берілетін квоталар туралы кеңінен ақпараттар берілді. Жоба аясында келесі қабылдау Абай ауданының Қызылжар шағын ауданында жалғасын таппақ.