ЕЛ БІРЛІГІ – ЕҢ АСЫЛ ҚАСИЕТ

Елімізде қаншама ұлт пен ұлыс тату-тәтті ғұмыр кешуде. Өз кезегінде, бірлік пен ынтымақты нығайту ісі де қашан да бақылауда болып келген, бола бермек те. Мәселен, жуырда Шымкенттегі «Достық» үйінде Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары, қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Қуаныш Асыловтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтті.

Келелі жиында Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы IV сессиясының күн тәртібінде қаралатын мәселелермен қатар, ҚХА және Ассамблея Кеңесінің құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, ҚХА төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасарына кандидатураларды ілгерілету мәселелері талқыланды. Отырыста қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов мемлекеттік саясат аясындағы міндеттерді айтып, Мемлекет басшысының ҚХА ХХХІІ сессиясында берген тапсырмаларына кеңінен тоқталды. Нақтырағы «Ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдар өздеріне жүктелген міндеттер аясында ішкі бірлікті бекемдеуге ат салысуда. Жыл басынан бері қалалық ассамблеяның ұйытқы болуымен жүзге жуық іс-шара өтті. Соның ішінде этнос өкілдері жинақы тұратын аумақтарда 70-тен астам ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тұғырлы татулықты ту еткен сан алуан ұлт өкілдері қаламыздың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өміріне етене араласып, Шымкенттің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүр» деді ол.
Отырыста ҚХА төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары болған қалалық корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Роза Пак пен Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хажимжановқа алғыс айтылып, жаңа орынбасар – қалалық армян этномәдени бірлестігінің төрайымы Наира Мовсисян мен ассамблея мүшесі Мадияр Юнусовтың жауапты қызметіне табыстар тіледі.