МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ЖҮКТЕГЕН ТАПСЫРМАЛАР СӘТТІ ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Жолдауында «Қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет» дей келе, аталған саладағы жұмыстарды жүйелеп, жаңарту керегін айтқан болатын. Арада біраз уақыт өтті. Жүзеге асқан жұмыстар да жоқ емес. Бұл жөнінде ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында өткен баспасөз брифингінде ҚР Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков тарқата түсіндіріп берді.

Спикердің айтуынша, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде Конституциялық сот өз қызметін бастады. Мемлекет басшысының бастамасымен енді еліміздің барлық азаматтары Конституциялық сотқа жүгіне алады. Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл институты, оның ішінде еліміздің барлық өңірлерінде оның өкілдіктерін құру жолымен айтарлықтай күшейтілді. Бұл азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау институтын жоғары деңгейге көтереді. Сонымен қатар сайлау жүйесіндегі реформа азаматтарға өзін-өзі ұсыну арқылы бір мандатты округтер бойынша сайлауға мүмкіндік береді.
Жалпы құқық қорғау саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі – атқарушылық іс жүргізу. Бұл – Шымкент қаласы бойынша ғана емес, бүкіл ел бойынша ең ауыр мәселелердің бірі. Бүгінде Шымкент қаласы бойынша 9 мемлекеттік және 144 жеке сот орындаушылары қызмет атқарады. Бүгінгі күнге дейін олардың орындауына 354 мың атқарушылық іс жүргізу тіркелсе, оның 61 мыңы толық орындалған. Көрсетілген санның едәуір бөлігін алимент өндіріп алу жөніндегі құжаттар құрайды. Шымкент қаласы бойынша, мұндай істің саны 13 мыңнан асады. Бұл жерде алимент өндіріп алу бір реттік атқарушылық іс жүргізу емес екенін атап өткен жөн. Ол бала кәмелетке жасына толғанға дейін бірнеше жылға созылады. Әрине, кейде шешімін таппайтын мәселелер де бар…
Жүзеге асқан жұмыстарға келсек, халықпен қарым-қатынасты нығайту бағытында бірқатар бастамалар көтерілген. Мәселен, Әділет министрлігінің «119» нөмірі тәулік бойы құқықтық-ақпараттық қызмет көрсетеді. Яғни ол халыққа барлық құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңес береді. Әділет министрлігінің сайтында және әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарда құқықтық түсіндірме ақпарат орналастырылады. Сонымен қатар нотариустардың қызметтерін одан да ыңғайлы пайдалануға мүмкіндік беретін шаралар қабылданып отыр. Мысалы, қазір жылжымайтын мүлікпен мәміле жасау объектінің орналасқан жеріне байланысты емес. Бұдан бұрын, егер жылжымайтын мүлік басқа қалада болса, ол бойынша мәмілені осы қалада жұмыс істейтін нотариуста рәсімдеу және барлық қажетті құжаттарды ұсыну қажет болатын. Сандық технологиялар басқа қалаға бармай-ақ жылжымайтын мүлікпен мәмілелер жасауға мүмкіндік береді. Бүгінгі күнге дейін Шымкент қаласы бойынша мобильді қосымша арқылы 1434 неке тіркелген. 60 мыңнан астам бала туу туралы куәлік, ЖШС-ні тіркеуге 160-қа жуық өтінім берілген. Сондай-ақ заңды тұлғалар туралы 3 мыңға жуық және жылжымайтын мүлік бойынша 200 мыңға жуық мәліметтер берілгені белгілі болып отыр.
Сонымен қатар, өткен жылы заңнамаларды өзгерту бойынша елеулі жұмыстар жүргізілді. Мәселен, саяси партиялардың, Қазақстан халқы Ассамблеясының, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының қызметін реттейтін заңдар өзгертілді. 2022 жылғы 20 маусымда «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңға құқықтық кеңес беру түрінде тегін заң көмегіне кепілдік берілген адамдар тобының кеңейту туралы бап енді. Енді аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары, азаптау құрбандары, 1 және 2 санаттағы мүгедектер, зейнеткерлер тегін кеңес ала алады. Адвокаттардан басқа, заң кеңесшілері де осындай көмек көрсете алады. Бұл әлдеқайда үлкен аудиторияға тегін көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Сандарға ойыссақ, тек 2023 жылдың 1 тоқсанында Шымкент қаласында 2 мыңнан астам, дәлірегі 2724 азаматқа тегін заң көмегі көрсетілген.
Тағы бір жаңалық, АХАЖ саласындағы рәсімді жеңілдету аясында туу туралы куәлікті алу рәсімі жеңілдеді. Ол электронды форматқа аударылды, енді құжатты электрондық үкіметтің ресурсы немесе Kaspi және Халық банкінің мобильдік қосымшалары арқылы ХҚКО-ға бармай-ақ алуға болады. Бүгінгі таңда «eGovmobile» қосымшасында халыққа әділет органдары ұсынатын 37 мемлекеттік қызмет қолжетімді.