13 МЛН ГЕКТАР АУМАҚҚА ЕГІН егілді
отандық өніммен ішкі нарықты қамти аламыз ба?
Аграрлық сала бойынша еліміздің әлеуеті жоғары. Аталған саланы дамытуға айрықша көңіл бөлініп отырғаны да белгілі. Нәтиже де жоқ емес. Қазақстан бидайды шетке сату көрсеткіші бойынша әлемдегі көшбасшылардың қатарына кіреді. Биылғы жағдай қандай? Нәтиже өзгере ме? Тарқатайық…
Биыл еліміз бойынша 23,4 млн гектар аумаққа егін салынды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді. Ведомство басшысының сөзінше, қазіргі таңда көктемгі егіс жұмыстары еліміздің барлық өңірлерінде басталды. Облыстардың жедел деректері бойынша 13 млн га жерге егін егілген. Бұл жоспардың 62%-ын құрайды. Оның ішінде дәнді дақылдар – 9,5 млн га жерге, майлы дақылдар – 1,9 млн га жерге, көкөніс-бақша дақылдары – 248,1 мың га жерге, картоп – 163,2 мың га аумаққа егілген. Жалпы биылғы егіс алаңы 23,4 млн гектар болады, бұл 2022 жылғы деңгейден 68,6 мың гектарға көп.
Қазіргі таңда дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың егіс алаңдарын 117 мың гектарға, азықтық дақылдарды 36,5 мың гектарға және қант қызылшасын 6,7 мың гектарға ұлғайту көзделіп отыр. Астық, көкөніс-бақша, картоп бойынша жоспарланған алаңдар ішкі нарық қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Министрдің айтуынша, шаруалар барлық қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді тұқыммен, агрохимиямен, техникамен қамту, қаржыландыру мәселелерін үйлестіру мақсатында Республикалық жедел штаб құрылып, жұмысын бастаған. Оның құрамына барлық мүдделі органдар мен ұйымдар, облыс әкімдерінің орынбасарлары енгізілді. Жыл басынан бері жедел штабтың 5 отырысы өтті. Қош делік, министр күнгейдегі ағайынның судан таршылық көріп отырғанын айтқан жоқ. Хабары жоқ па әлде мәселеден үнсіздікпен айналып өткісі келді ме тағы белгісіз…
С.НҰРАЙ.