ШЫМКЕНТТЕ БИЫЛ 2500 ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛАДЫ

Инвестиция тарту – бүгінгі Үкімет пен жергілікті әкімдіктерге қойылып отырған басты міндеттердің бірі. Бұл жөнінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйек айында жариялаған Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да айтқан болатын.

Нақтырағы инвестициялық тартымдылықты арттыру жөніндегі ойын былайша түйіндеген «Арнайы экономикалық аймақтарға инвестициялық жеңілдіктерді саралап беру керек. Неғұрлым көп ақша салсаң, соғұрлым көп жеңілдік аласың деген ұстаным басты қағида болуы қажет. Жұмыс істейтін саласы негізгі бағыт болмаса да, маңызды индустриялық жобаларды жүзеге асыратын инвесторлар бар. Оларға салық және кеден жеңілдіктерін ұсынбай-ақ, жер телімдерін беруге болады». Қош делік, бүгінде инвестиция тарту бойынша табысты нәтижеге қол жеткізіп отырған өңірлер баршылық. Олардың қатарына Шымкент қаласы да кіреді. Өткен аптада қалалық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков жыл басынан бері Шымкентте атқарылған жұмыстар бойынша БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өткізді. Спикердің айтуынша, 2023 жылдың қаңтар-наурыз айларының қорытындысымен Шымкент қаласына 84,8 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 109,6%-ды құрады. Жалпы 2023 жылы үшінші мегаполиске 721,7 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Аталған көрсеткіш арқылы инвестиция көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 32%-ға артады деп күтілуде.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында 2023-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 1,7 трлн теңгені құрайтын 227 инвестициялық жобаның базасы жасақталды. Инвестициялық жобалар негізінде қаламызда 18 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Атап айтқанда, 2023 жылы құны 129 млрд теңгені құрайтын 49 инвестициялық жоба іске асырылып, 2500 жаңа жұмыс орнының ашылуы жоспарлануда. Бүгінде «Тассай» индустриялық аймағында 50,3 млрд теңгеге 2,6 мыңға жуық жаңа жұмыс орнымен 42 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде, жалпы құны 36,7 млрд теңгелік 24 жоба іске қосылып, онда 1,8 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Мұнда 2023 жылы тағы 7 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Инвестициялық құны – 2 млрд теңге. Осының арқасында 200 азамат жұмыспен қамтылмақ. Жалпы аймақ жұмыс істеп тұрған кезеңнен бері бюджетке 6,8 млрд теңге салық төленген.
Бұдан бөлек, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жалпы инвестиция көлемі 58,4 млрд теңге тұратын 35 жоба іске асырылып, 2,5 мыңнан астам жұмыс орындары құрылды. Аймақ жұмыс істеп тұрған кезеңнен бері аймақ қатысушыларымен бюджетке 8,2 млрд теңге салықтық және әлеуметтік аударымдар жасалған. Қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған индустриялық аймақтардың жобалармен жылдам толуына байланысты аумағы 867 га болатын 5 жаңа өнеркәсіптік алаңдар құрылуда. Нәтижесінде, инвестиция көлемі 398 млрд теңгені құрайтын 271 жаңа жоба іске асырылады. Мәселен, ағымдағы жылы «Бозарық» тамақ өнеркәсібінің индустриялық аймағының инженерлік-инфрақұрылымдық желілерін аяқтау жоспарлануда. Индустриялық аймақтың жалпы аумағы – 132 га. Бүгінде онда орналастырылатын 22,7 млрд теңгеге 1,8 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарымен 21 жобалар пулы әзірленді. Сондай-ақ бүгінгі таңда жеке «Standard» индустриялық аймағы құрылуда. «Оңтүстік» АЭА 175 га-ға дейін және сауда-логистикалық орталығын 136 га-ға дейін кеңейту жұмыстары жүргізілуде.
Спикердің сөзінше, жалпы шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау мақсатында 2023 жылға 18,7 млрд теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде республикалық бюджеттен 15,2 млрд теңге бөлінсе, жергілікті бюджеттен 3,5 млрд теңге қаралған. Жалпы жыл басынан 1,4 млрд теңгеге 2 056 жобаға қолдау көрсетілген. Ал «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021 – 2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» шеңберінде 2023 жылға 17,3 млрд теңге қаралып отыр. Бүгінгі таңда 1 922 жобаға 1,2 млрд теңгеге қолдау көрсетілгенін айта кету керек. Сонымен қатар «Кәсіпкерлікті дамыту бойынша 2021 – 2025 жылдарға арналған «Іскер қала» іс-шара жоспары шеңберінде 2023 жылға 1,4 млрд теңге бөлінген. Бүгінгі таңда 134 жобаға 222,1 млн теңгеге қолдау көрсетіліп отыр.
Айта кету керек, 2021 жылы жалпы алаңы 306 га құрайтын жаңа «Жұлдыз» индустриялық аймағы құрылған болатын. Жаңа индустриялық аймақтың аумағында машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 2023-2026 жылдар аралығында 200 млрд теңгеге 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құрумен жүзеге асырылатын 50 жобаның пулы әзірленді. Бүгінде аталған аймақта инвестициялық құны 147,2 млрд теңге құрайтын 42 жоба іске асырылуда. Оның ішінде, 2023 жылы инвестициялық құны 7,1 млрд теңгені құрайтын 5 жобаны іске қосу көзделуде.