1300-ГЕ ЖУЫҚ ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ
Бүгінде әлеуметтің негізгі мәселесіне айналған түйткілдердің қатарында баспана да бар. Жасыратыны жоқ, тұрғын үй алуға баршаның бірдей мүмкіндігі жоқ. Десе де мемлекет тарапынан көрсетілер қолдаудың арқасында баспаналы болып жатқандардың қатары қалың. Мәселен, Шымкентте жыл басынан бері тұрғын үй кезегінде тіркелген 1293 азамат ипотекалық негізде Отбасы банк арқылы баспаналы болды.
Оның ішінде, 1047 пәтер «5-20-25» бағдарламасы бойынша, 246 пәтер «2-10-20 Бақытты отбасы» бойынша рәсімделді. «Бақытты отбасы» бағыты бойынша жылдық 2%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесімен, бастапқы жарна 10 %-дан кем емес мөлшерде 20 жылға тұрғын үйді сатып алуға несие беру қарастырылған. Бағдарламаға тұрғын үй кезегіне тіркелген «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылар, сонымен қатар 1 және 2 топ мүгедектігі бар азаматтар қатыса алады.
Ал «5-20-25», «Шаңырақ» пилоттық жобасы бағыты бойынша тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінде кезекке тіркелген кез-келген азаматқа өтінім беру мүмкіндігі қарастырылған. Айта кетейік, 2022 жылы Шымкентте тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекте тұрған 1641 азамат несиелік баспанаға қол жеткізген болатын.